Алматы әкімі Наурызбай ауданы тұрғындарына мәселені бірігіп шешуді ұсынды

06.12.2019 00:54

Жиында тәртіп сақшыларына көңілі толмағандар мен атаулы әлеуметтік көмек ала алмаған аналар мұңын шақты

Almaty.tv

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас». Бақытжан Сағынтаев бүгін наурызбайлықтармен тағы да кездесіп, Алматыны әлемдегі үздік қалалардың қатарына қосу міндетін жұмылып  жүзеге асыруға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалпы бүгін Наурызбай ауданынындағы кездесу 3 сағатқа созылып, қала әкіміне 70-ке жуық ауызша сұрақ қойылды. Жиында атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмаған жалғызбасты аналар, жеңілдетілген несие ала алмай жүрген кәсіпкерлер мұңдарын шақты. 

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың игі дәстүрі көптің көңілінен шыққаны байқалады. Себебі, кездесуге дүйім ел уақытынан бұрын жиналған. Акт залында бірде бір бос орын жоқ. Ал кей тұрғындар сұрақ қоюға асықса керек, алдын ала кезекке тұрып жатыр. Өйткені, қала басшысы жұрттың қойған сұрақтарын ешқашан жауапсыз қалдырған емес. Шешілетінін уақыт жоғалтпастан шешіп, қалғанын жүйелі түрде қарастырады.

«Араға 2-3 ай салып алдарыңызға тағы да келіп отырмын.  Тамыз айында ғана осы залда кездесіп едік. Таңертең сел қаупі болып, сонда жүгіріп жүріп, арасынан көңіліміз тоқтаған кезде келіп, өздеріңізбен көп мәселелердің шет жағасын ақылдасып, сөйлескен болатынбыз. Енді міне сол уәде бойынша тағы да келдім. Алдымен әкімдеріңіз ауданның сол екі аралықта өткен атқарылған істердің сіздердің сұрақтарыңыз бойынша орындалғанын қалай сол жөнінде қысқаша баяндап өтсе», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Өткен жолғы кездесуді қорытындылаған аудан әкімі қойылған 41 сұрақтың тең жартысы оң шешім тапты деді. Қалғанына уақыт керек болғандықтан әлі қаралу үстінде. Ол -  көше шамдарын орнату, арық салу, жол жөндеу секілді мәселелер. Яғни, оларды бір күнде шешу мүмкін емес. Ал 3 ай бұрын көтерілген кәсіпкерлер мен көпбалалы аналардың арызы бірден шешімін тауыпты.

«Кездесуде айтылған сұрақтың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Ауданда жасы егде тартқан тұрғындардың сұрауы бойынша «Қалқаман» ықшамауданында замануи «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Қарағайлыда жаңа медициналық пункт ашылса, Таусамалында пошта қызметі іске қосылды. Мәселен, 25 отбасыға 50 пайыздық жеңілдікпен көгілдір отын жалғанды. Ал  тұрмысы төмен 8 отбасы мемлекеттік жауапкершілік аясында газға тегін қосылды. Көпбалалы аналардың шағымы бойынша 5 кездесу өткіздік. 3 шағын ауданда полиция пунктері орнатылды. Қалқаманда жаңа учаскелік пункт ашылды», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЕВ.

Бүгін кезекті рет қала басшысымен жүздескен жұрт әліде біраз шаруаның бар екенін де жеткізді. Кездесуде қала әкімі уақыт созбай дүйім елді тыңдауды құп көрді. Ал басындағы базынасын айтуға жиналғандар түрлі мәселемен келген. Етегі жасқа толып, әбден ашынған көп балалы ана көптің көңілін өзіне аударды. Қолына сәбиін құшақтаған жалғызбасты келіншек 2 айдан бері атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай келе жатқанын жылап тұрып айтты.

«Бізде кейбір әйелдер үй-жайлары болса да, атаулы әлеуметтік көмек алған. Міне, солардың кесірінен ертең біз АӘК-ден қағыламыз. Мысалы, мен төрт баламды қайтып асыраймын. Өзім төртінші қабаттан құлап, омыртқамды сындырып алғанмын. Екі ай болды АӘК-ала алмай жатырмын. Үй-жайы бар адамдар оны не үшін алады? Соны түсінбеймін. Олар үйлерінде отыр. Пәтерге беріп қойған үйлерін. Ал, біз шынында да қиналып жүрміз», - деді келіншек.

Осыны естіген әкім, бұл мәселеген жауаптыларға сұрақ қойды?

«Неге төленбей жатыр?», - деді Бақытжан Сағынтаев

«Келесі жылы АӘК тоқтамайды. Міндетті түрде сіз аласыз».

«Жоқ-жоқ. Қазір екі ай ала алмай отырмын деді ғой», - деді әкім.

«Бақытжан Әбдірұлы, желтоқсанның 10-ына дейін біз қараша айыныкін төлейміз ғой. Кеше түсті», - деді жауаптылар.


Жалпы кездесуде су мәселесі, жер телімі мен үйді заңдастыру, көлік тұрағының жоқтығы, қоғамдық көліктің жетіспейтіндігі айтылды. Тақтайдай тегіс жол төселіп, медициналық көмек жөнді көрсетілсе екен деп сұрады жұрт. Арасында аудандық полиция басқармасының жұмысына да көңілі толмағандар болды. Желтоқсан көтірілісіне қатысқан батыл қыздар баспана жоқтығы мен сауықтыруға жіберуді сұрады. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие жайлы да әңгіме қозғалды.

«Қалқаманда екі қабатты құрылыс салып жатырмыз. Қазіргі таңда сол құрылыстың 70 пайызын салып бітірдік. Енді толық бітіруге ақшамыз жоқ. Несие алайық десек кепілге қоярға зат болмай тұр. Енді көпбалалы аналарға ұсынылған 2 пайыздық мүмкіндікпен несие алып беруді қарастыруыңызды сұраймыз», - деді келесі бір ана.

Ал ертең қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездеседі. Жүздесу «Кемел» ықшамауданында өтеді деп жоспарланып отыр.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы