Бүгін алматылықтар қазақ тіл білімінің қара нары, белгілі түркітанушы, көрнекті академик Әбдуәли Қайдарды ақтық сапарға шығарып салды, деп Almaty.tv тілшісі хабарлайды.
Қоштасуға ғалымның жора-жолдастары, шәкірттері мен ет жақындары келді. Айта кетейік, Әбдуәли Тұғанбайұлы 27 ақпан күні 95 жасында өмірден озды. Соңынан өшпес із қалдырған академиктің еңбектері қазақ тіл білімін дамытуға мол үлес қосқан. Қаралы жиында ана тілінің абызы туралы естеліктер айтылып, еліміздің түкпір-түкпірінен жедел жеткен хаттар оқылды. Алматы әкімінің лебізін ет жақындарына оның орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов жеткізді.
«Ғасырға жуық еңбек еткен ағамыз өнегелі өмірімен, руханият саласындағы өнімді еңбегімен ел-жұрттың құрметіне бөленген айтулы тұлға болатын. Елбасына күн туған қиын сәтте майданға аттанып, Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралды. Содан кейін мағыналы ғұмыры Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында жалғасты. Халықаралық қазақ тілі қоғамын құрып, ұйымның президенті міндетін абыроймен атқарды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.