Алматы әкімі Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті

Алматы әкімі Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті
1 қыркүйектен бастап қаланың 8 ауданында «Бақытты отбасы» орталықтары және шеткі аудандарда медпункттер ашылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуге келген наурызбайлықтардың көп. Аудандағы мектептердің бірінің акт залында өткен жиында ине шаншар жер болмады. Өйткені, тұрғындардың әрқайсысы көптен бері көкейде жүрген мәселелерді қала басшысына жеткізіп, тезірек шешілсе деген игі тілекпен келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш сағатқа созылған жиынның әл-қиссасын қала басшысы алдағы жоспарымен бөлісуден бастады. Айтуынша, жол сапасы, денсаулық саласы, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік нысандардың құрылысы және кәсіпкерлікті дамыту мәселесі қашанда басты назарда көрінеді. Биыл әкім жыл соңына дейін жарықтандыруды қалыпқа келтіріп, медицина саласын ретке келтіруді көздейтінін жеткізді.

«Бізде біраз емханалар бар болғаны 20 пайызға жабдықталған. Ең қарапайым УДЗ аппарат жоқ. Міне, солардың бәрінің тізімін жасадық. 2022 жылға дейін қала бойынша бүкіл емхана мен ауруханалардың медициналық құрал жабдықпен қамтамасыз етуін 90 пайызға жеткізу керек», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алатау мен Наурызбай ауданындағы шұрық тесік жолдарды жасау үшін үкіметтен қосымша шамамен 5 млрд теңге сұратылыпты. Егер ұсыныс мемлекеттен қолдау тапса, ондағы біраз көше тақтайдай тегістеледі. Қоғамдық тәртіпті бақылау үшін көптеп полиция пункттері де ашылмақ. Ал шалғай аудандарда кәсіп ашамын дегендерге 2 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жұмыс істеймін деген ынтасы бар кәсіпкерді қала әкімдігі қашанда қолдауға дайын. Сондай-ақ, енді мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің бірінші қабаты жеке кәсіпке берілмек.

«Кәсіпкерлікпен айналысам десе, оған да қазір схеманың барлығын ауыстырдық. Егер де Наурызбай ауданында болмаса Алатау ауданында шалғай, шеткі аудандарда бір кәсіпорын ашамын десе, онда 2 пайызбен несие береміз. Өзіміз беретіндіктен, банк сияқты қатал талап жоқ. Негізі бизнесті аш, жұмыс орнын аш. Тірлік істе. Қандай тірлік істегің келеді. Бюджет есебінен соғылып жатқан үйлердің бірінші қабатынынң барлығында пәтер болмайды. Бәрі бос алаңға қойылады. Ғимарат іздеп жүрмейсің. Екінші сол ғимаратты алған кезде жалға алу ақысын жеңілдік береміз. Жекеден алсаң, арендасы қымбат. Біз жеңілдікпен береміз. Ұзақ мерзімге береміз. Құрал-жабдық қажет болса, лизингке береміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Еркін форматта өткен жиында аудан тұрғындары емін-еркін сұрақ қойып, оған жауап алды. Халықты алаңдатқан мәселелердің қатарында ауыз су жайы да бар. Шешуге қаражат пен уақыт қажет екеніне қарамастан дүйім жұрт проблеманы тездетіп қолға алуды сұрады. Тіршілік нәріне қол жетпейді деген тұрғын бірден ауыз суға жауапты басқармасының басшысына төтесінен сұрақ қойды.

«Кешіріңіз бір сұрағым бар, үйіңізде су бар ма? Біздің су жоқ. Жаздай 40 градус ыстық. Не тамақ ішуге, кір жууға не ыдыс жууға, не балаларды бірнәрсе жасауға мүлдем су жоқ. Басқасы басқа, ең бірінші осы ауыз су мәселесін шешіп берсеңіз», – деді бір тұрғын.

«Жолай су мәселесі шешілуі қиын деп кісілер де айтып жатыр. Әзірге тек су таситын көліктер арқылы шешуге болады. Өйткені орталық жүйе жоқ», – деді әкім бұған.

Кездесуде 20-ға жуық сұрақ қойылып, оған қала әкімі нақты жауап берді. Шаһар басшысымен дәл осылай кездесеміз деп ойламаған жұрт таңданыстарын жасырмады. Сөздерінше, мәселеден қашқаннан гөрі, мүмкіндігінше шешімін табуға асыққан әкімнің ісін көпке үлгі деді олар.

«Кездесу керемет өтті. Әкім сондай қарапайым екен. Жай ғана шай ішіп отырғандай еркін ұстады өзін. Бізбен осылай еркін отырғанына рахмет», – деді бір тұрғын.

«Сұрақтарға тиянақты жауап беріліп жатыр. Бәрі дұрысталады деді. Қалай болса, солай емес, тиянақты айтқаны ұнады бізге», – деді келесі бір тұрғын.

«Қала әкімімен кездесу болды. Басқарма басшыларының да жауабын естідік. Сөз жоқ. Қала бойынша әлеуметтік жағдайды жақсарту, басқа да өзекті мәселелер әңгіме болды. Осының бәрі орындалса, халық рахметін айтуға дайын», – деді тағы бір тұрғын.  

Жиын соңында қала басшысы бұл соңғы кездесу емес екенін айтты. Қашанда шалғайдағы аудан тұрғындарының мәселесі жіті бақылауында екенін жеткізді. Тіпті шаһар әкімінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына келіп түскен сұрақтар назардан тыс қалмайтыны да айтылды. Барлығы салаға бөлініп, мәселеге сараптама жасалады деді.

Жиын барысында әкім Алматының Алатау және Наурызбай аудандарында келесі жылы оқушылар сарайы салынатынын, қазір ірі жобаның құжаттары дайындалу үстінде екенін айтып қуантты. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап қаланың 8 ауданында «Бақытты отбасы» орталықтары және шеткі аудандарда медпункттер ашылмақ.  Оған қоса, биыл 5 емхананы заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамту үшін 400 миллион теңге бөлініп отыр екен.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб пен Алатау ауданы тұрғындарымен кездескен болатын.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров