Алматы қаласының Бостандық ауданының «Байкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында аудан тұрғындарын бас мемлекеттік санитар дәрігер белгілеген талаптарды сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүгінде карантин шараларын сақтау мақсатында бірқатар мекемелер, соның ішінде мешіттер де өз қызметтерін тоқтатты. Бұл шаралар қауіпсіздік үшін, тұрғындардың денсаулығы және осы кезеңнен ойдағыдай өтіп, өзіміздің қалыпты өмір салтымызға оралу үшін қолға алынған», – деді Данияр Жұмабаев.
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, Алматыда 2020 жылдың 31 шілдесі мен 2 тамыз аралығында Құрбан айтты мерекелеу кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда тыйым салынған:
1) жекеменшік формасына қарамастан, ұйымдарда, сонымен бірге, жеке иеліктегі үй-жайлар мен медреселерде адамдардың жаппай жиналуымен шараларды өткізуге;
2) Алматы қаласының аумағында мал сойысын ұйымдастыруға және союға; автокөліктерде мал сатуға және жеке иеліктегі үй-жайларда мал сатуға.
31 шілде мен 2 тамыз аралығында малдарды сатуды жүзеге асыратын сою цехтары мен базарлардың жұмысы тоқтатылады, құрбандық шалу онлайн режимде Алматы қаласының Орталық мешіті бекіткен орындарда жүргізіледі.
Эпидемиологиялық қызмет мәліметтеріне сәйкес, қала тұрғындарының арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін маска режиміне, әлеуметтік қашықтықты сақтап, теріге арналған антисептиктерді қолдану керектігін еске саламыз. Сонымен бірге, адамдар көп баратын орындарға бармау кеңесі ұсынылады. Сондай-ақ, қалада ауқымды түрде дезинфекция жүргізілуде.