ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп абарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Кешегі Жамбыл облысындағы қасірет, елдегі пандемия, оның үстіне, биыл «Әліппені» қайтарып жатырмыз, ел ішінде қым-қиғаш осындай оқиғалар өтуде. Сондықтан бұл Жолдау дер кезінде жолданды деп санаймын. Себебі халықтың санасындағы көптеген сұрақтарға ашық жауап бере алды. Президенттің бүгінгі Жолдауын халық күтті. Жолдауды толықтай қолдаймын. Халықтың тағдырына бейжай қарай алмайтындықтан, Президенттің әр ісін, Жолдауларын жіті бақылап отырамын. Ең бастысы, Мемлекет басшысының «мен әрбір айтқан сөзіме жауап беремін және ол орындалатын болады» деп ашық айтқаны ұнады әрі көңілім сәл де болса көтеріліп қалды.
Халықтың көкейіндегі түрлі сұраққа әр министрлік сала-сала бойынша жауап беру керек. Өз ана тілімізде, кешегі Абай мен Мұхтардың тілінде түсіндіру керек. Бүгінгі Жолдауды әлі де астын сызып тұрып оқимыз, талдаймыз. Егер сұрақ туындап жатса, әлеуметтік желіде жазамыз», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов.