Елордада ПИК-тің көмегінсіз тұрғындардың өздері басқаратын үйлер де бар
Мұндай ұсынысты Парламент Мәжілісінің депутаттары көтерген болатын. Халық қалаулылары өңірлерді аралап, өз сайлаушыларының тілектерін тыңдағаннан кейін осындай шешімге келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ бір жарым жыл бұрын кооперативтердің қызмет көрсету сапасын жақсарту және ақшаның жұмсалуы ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мүлік иелері бірлестіктерін құру жоспарланған еді.
Жоғары тарифтер, коммуналдық апаттар және тозығы жеткен үйлер мәселелері. Тұрғындар мен кондоминиум басшылары арасындағы қордаланған осы проблемалардың түйінін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау шешуі тиіс еді. Сол уақытта өңірлерде жұмыс топтары құрылды, ал уәкілетті министрлік заң жобасын дайындады, оны Парламентке қарауға жіберді. Енді депутаттар өңірлерді аралап шыққаннан кейін бастаманы бірнеше жылға кейінге қалдыруды ұсынып отыр.
«ПИК-тен артық не себепті? Ең күрделі нәрсе, олардың айырмашылығы - ОСИ деген ол әрбір көпқабатты үйге құрылады. Ал ПИК-тің ішіне қазір 30 үй де кіреді, 100 үй де кіреді, 400 үй де кіреді. Сондықтан сіздің ақшаңыз қайда кетіп жатыр, қай үйге кетіп жатыр, ол белгісіз.? Мысалы, сіздерде 10 шақты ескі үй болса, ал жаңа үйде тұрсаңыз да, тұрғындарының ақшалары түгел ескі үйді жөндеуге кетеді», – деді республикалық «Қоғамдық қорғаушы» бірлестігінің төрағасы Виктор СЫЗДЫҚОВ.
Халық қалаулыларының мүлік иелері бірлестігін құрылуын кейінге қалдыру туралы ұсынысына кейбір қоғам өкілдері қарсы. Олар ПИК-ті тез арада таратуды талап етіп отыр. Жаңа жүйе көп қабатты үйлердің тұрғындарына жинаған қаражаттарын ашық әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп санайды. Алайда, өзгелері ондай реформа жүргізуге асықпау керек деп есептейді.
«Бірден ондай жүйеге өтуге болмайды. Жылыту маусымы енді басталды. Заң қабылданғаннан кейін жарты жыл дайындалу керек. Менің ойымша, бір немесе екі жылға ұзарту керек. Әр үйде белсенді басшыларды табу керек. Адамдар оған дайын емес. Оларды үйрету, дайындау керек», – деді «Паритет» ПИК және тұрғын емес үй-жай басқарамасының төрағасы Шамиден ТАПАЕВ.
Жаңа тұжырымдама бойынша, МИБ-те - екі адамға ғана жалақы төленеді. Ол – төраға мен есепші. Олар коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен, басқарушылармен және сервистік компаниялармен келісім жасасуға құқылы. Яғни, мүлік иелерінің бірлестіктері қаражат жинаумен айналысады, бірақ тұрғындар ақшаны ашық түрде қайда жұмсалатынын өздері шешеді. Бұл тұста тапсырыс беруші және мердігер деген жүйе қалыптасады. Бірақ мұның кемшіліктері де жоқ емес.
«Депутаттар бастамашы адамдар болады дейді, жарайды келісемін, бірақ тіпті бастамашы адамдардың да құзыреті болуы тиіс. Өйткені қазіргі заманғы үйлер коммуникацияларыың инженерлік жүйесі өте күрделі болғандықтан, оларды басқаруға мүмкіндік беретін білімі болуы керек қой. Атын өзгерткенмен, заты өзгермейді. Бұл проблеманы шешпейді. Сондықтан қабылдағалы жатқан Заң жобасы осы жүйедегі проблеманы шешуде қауқары жететініне күмәнім бар», – деді «Шаңырақ» қауымдастығының атқарушы директоры Марат НҰРЫМОВ.
Елордада ПИК-тің көмегінсіз тұрғындардың өздері басқаратын үйлер де бар. Осыдан бес жыл бұрын «УЮТ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары кооперативтің бұрынғы басшысынан үйлерін өздері басқару құқығын алып алған. Қазір өкінбейтіндерін айтады.
«Біздің ауламыз таза, балалар жазда скутерлерде сырғанайды, біз өз балаларымыздың өмірі үшін қорықпаймыз. Бұл – бір ғана мысал. Енді біртіндеп үйімізді ретке келтіреміз. Осында өмір сүреміз ғой. Сондықтан өзімізге жағдай жасауымыз керек. Сіздер айтып тұрған заңның қабылдануын асыға күтеміз», – деді «Менің үйім» өзін-өзі басқаратын кондоминиумдар тұрғындары қауымдастығының басқарма мүшесі Гүлзифа ҚҰМАРҒАЗЫ.
Мүлік иелері бірлестігін құру көптеген мәселелерден арылтады деп отыр халық қалаулылары. Ал, тұрғындар өз проблемаларын өздері шешетін мүмкіндікке қашан жететіні әзірге уақыттың еншісінде.
Асылбек Тойбек, Мира Әлжанова «Алматы» телеарнасы