Қымбат көлік, пәтер және жер телімі: Алматыда алимент төлемейтіндердің дүние-мүлкі тәркіленді

18.05.2022 20:15

Осы жылдың басынан бері алимент бойынша 22 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: ашық дереккөзден

Борышкерлерді сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту пәрменді шаралардың бірі болып табылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласы Әділет департаментінің прокуратурамен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп жүргізген талдауы алимент төлемейтіндерді жауапкершілікке тартудың тиімділігін көрсетті.

Осы жылдың басынан бері алимент бойынша 22 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот өз кезегінде 2 іс бойынша жаза ретінде 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қолданылды.

Оның үстіне борышкерлер жауапкершілікке тартылған соң алимент бойынша 40 миллион теңгеден астам қарыз төленді.

Сонымен қатар, алимент төлемейтіндерден Porsche Cayen, Lexus RX 350, Reno Duster маркалы автокөлік құралдары, сондай-ақ пәтер, жеке үй және жер телімі түріндегі жылжымайтын мүлік тәркіленді. Аталған мүлік берешекті өтеу есебіне сатылды.

Борышкерді әкімшілік жауаптылыққа тарту тиісті ықпал етпеген жағдайларда қылмыстық жауаптылыққа тарту жөніндегі шара қолданылады.

2022 жылы алимент төлеуден және сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін күдіктілерге қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды (алимент бойынша борышкерлер) ҚР ҚК 139-бабы бойынша сотқа берілді.

Аталған шаралардан басқа, департамент борышкерлерге жұмыс іздеу бойынша көмек көрсетеді.

2022 жылы 2 «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізіліп, оған 15-тен астам ірі компания түрлі лауазымға қатысты. Нәтижесінде 57 борышкер орнында жұмысқа орналастырылды, қалғандары әңгімелесуге жазылды.

Айта кетерлігі, алимент өндіру бойынша материалдар сот орындаушылар жұмысының басым бағыты болып табылады, осыған байланысты борышкерлердің назарына өз міндеттерін орындамаған жағдайда құқықтық салдарлардың болмай қоймайтынын жеткізгіміз келеді.