Осыған дейін олар психологиялық тест тапсырып, медициналық тексеруден өтті
Күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Алматыдан Өскемендегі әскери бөлімге аттанған 45 азаматты салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар осыған дейін психологиялық тест тапсырып, медициналық тексеруден және денсаулықтарының жарамдылығы туралы сыннан өткен. Тексеруден өтпегендерге отан алдындағы борышын өтеу бұйырмады.
«Осы жылы күзде Алматыдан қарулы күштер қатарына және басқа да әскери бөлімдерге 1500-ден астам адам жіберіледі. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір жастардың белсенділігі жоғары. Кейбіреулері шақырту алмай-ақ өздері келіп жатыр. Академиялық демалыс алып кетіп жатқандарыда бар. Бұл қуантарлық жағдай», – деді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Амантай ҮСЕРБАЕВ.
Отан қорғаушыларды шығарып салуға олардың туыстары мен достары келді. Аналары көз жастарына ерік берсе, әкелері батасын жаудырды.
«Менің баламды әскери борышын өтеуге Өскеменге жіберіп жатыр. Ол институтты енді бітірген. Отан алдындағы борышын өтеу ешқашанда кеш емес. Баламммен бірге кетіп бара жатқан жігіттерге денсаулық, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп қайтуларына тілектеспін», – деді ата-ана Төлеген ЕСБЕРГЕН.