Алматыда 11 базар қызметін тоқтатты

08.08.2020 в 17:37

Қалада 20 базардың жұмысын ішінара тоқтатты

«Алматы» телеарнасынан шығатын Akimat Live бағдарламасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының базарлар жұмысына байланысты қойылған сауалына жауап берді.

Тұрғын сауалы:

– Құрметті әкім Бақытжан Әбдірұлы! Базарларда мыңдаған адам жүреді. Ешкім талаптарды сақтамайды. Оның үстіне адамдар оқшауланып жатыр. Азық түлікті кез келген дүкеннен алуға болады. Карантинде киім кешектің не қажеті бар? Жоқ болса ешкім бармайды, солай емес? 

Әкім жауабы:

– Тұрғындардың өмірін, денсаулығын қорғау және қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің (2020 жылғы 19 шілдедегі № 49) қаулысымен Алматы қаласының аумағында қатаң шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды (жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметіне тыйым салу). Жоғарыда айтылғандарға байланысты 52 базардың 11-і өз қызметін тоқтатты (стационарлық құрылыс), 20 базардың жұмысын ішінара тоқтатты (базардың бір бөлігі навестың астындағы, құрылыс контейнерлерден тұрады), сауда орындарын қысқартпай-ақ 21 базар жұмыс істейді (сауда ашық ауада жүзеге асырылады). Бүгінгі күні аталған базарлардың барлық иелерімен жиналыс өткізіп, санитарлық нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған, санитайзерлер орналастырылған. Дезинфекция жүргізілуде.