Қарағанды облысында алты айлық нәресте көкжөтелден көз жұмды. Еліміздің бас дәрігері қайғылы жағдайды екпе алмағанның салдары деп түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, шетінеген балаға жұқпалы ауруға қарсы вакцина салынбаған. «Олқылықтың арты опық жегізді» деген Денсаулық сақтау министрі екпе салғызуға ата-аналар жауапты болуы керек екенін жеткізді. Ведомство басшысы елде кішкентай балалар арасында жұқпалы ауру көбейгенін айтты.
– Қарағанды облысында 6 айлық сәби көкжөтелден шетінеді. Өте ауыр жағдай. Баланың инфекциялық ауруға қарсы вакцина алмағаны анықталды. Сондықтан екпе салғызуға келгенде ата-ана ретінде жауапкершілік ортақ болуы тиіс деп есептеймін. Көпшілікке түсіндіріп жатырмыз, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Үкімет отырысына келген бас дәрігер елдегі емдеу мекемелерінің ахуалын да айтып өтті. Соңғы 5 жылда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны қолданысқа берілген. Алайда қызмет көрсетіп тұрғандарының жартысынан көбі тозып кеткен. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз толық етілмейтінін айтқан ведомство басшысы дәрігер тапшы екенін атап өтті. Үкімет басшысы аталған түйткілдерді шешуге бірқатар тапсырма берді. Алдымен өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартуды ойластыру керек екенін айтты.
– Жыл соңына дейін 556 нысан салынады. Ауруханалардың, емханалардың, университеттердің материалдық техникалық базасын жақсартатын боламыз. Бұл науқастардың жағдайын жасауға және емдеудің жаңа технологиясыы мен әдістемелерін дамытуға мүмкіндік береді, – деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: ТЖМ азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидасын сақтауға кеңес береді