Қазақстан Бразилиядан сиыр етін әкелуге уақытша тыйым салды

12.03.2023 19:40

Тиісті шешімді ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шығарды

pixabay / congerdesign

Қазақстан Бразилиядан тірі ірі қара мал транзитіне және сиыр етін әкелуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Тиісті шешімді ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шығарды. Оған ірі қара малдың ауруы себеп болған.

"Халықаралық жануарлар денсаулығы ұйымының ақпараты негізінде 2023 жылғы 9 наурыздан бастап ірі қара малдың губка тәріздес энцефалопатиясына (BSE) байланысты Қазақстан аумағына Бразилиядан мына тауарларды әкелуге уақытша шектеу енгізіледі", – делінген құжатта.

Олар:

  • тірі ірі қара мал;
  • ірі қара малдың қаны және қан өнімдері;
  • сүйектегі сиыр еті;
  • сиырдың ішкі өнімдері;
  • қорғалған қабықтарды қоспағанда, ірі қара малдан алынған ішек шикізаты;
  • механикалық өндеуден өткен сүйектен алынған сиыр еті;
  • 30 айдан асқан ірі қара малдан алынған сүйексіз сиыр еті;
  • сүт ақуыздарын қоспағанда, құрамында өңделген ірі қара ақуыздары бар өнімді мал азығына және өнімді мал азығына арналған өңделген ірі қара ақуыздары.

Сондай-ақ Бразилиядан Қазақстан аумағы бойынша тірі ірі қара мал транзитіне де тыйым салынды.