Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ажар Абдрешеваның күйеуінің өліміне қатысты тергеу жұмыстарына көмектесу туралы өтінішіне жауап берді. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматылық Ажар Әбдірешева көз жұмған күйеуінің өліміне қатысты әлеуметтік желіде видео жариялады. Айтуынша, арада 7 күн өтсе де, жауапты мамандардан мәлімет ала алмай отыр екен. Ресми ақпаратқа сәйкес, қалалық шаруашылық басқармасы мекемесінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін қызметкер оның жолдасын жеңіл көлікпен соққаны белгілі болды. Ажар мәселенің әділетті шешілуін сұрады.
«Қазіргі таңда қылмысты жасыру үшін неше түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы мәселені өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Қазір қайтыс болған отағасының артында екі баласы қалды. Үлкені 6 жаста болса, кенжесі 11 айлық», – деді Ажар Әбдірешева.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін фейзбук парақшасында бұл оқиға бойынша істі жеке бақылауына алатынын айтып, қалалық полиция департаментіне тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Алматылық Ажар Әбдірешеваның өтінішімен оның жұбайын өлтіру дерегі бойынша істі жеке бақылауыма алдым. Күдікті қамауға алынды. Қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовке тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды қала әкімі.
Қанат Таймерденовтің хабарлауынша, күдікті қазір тұтындалған. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 99-бабы, кісі өлтіру бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.