Мәжіліс депутаттары қазақстандықтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдететін заң жобасын мақұлдады. Ел тұрғындары бір өтініш беріп, өзара байланысты бірнеше қызметті ала алады, деп хабарлайды Stan.kz.
Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның сөзінше, биылғы жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электрондық түрге ауыстырылады. Ал келесі жылы аталған қызметтердің тағы 10 пайызын ауыстырып, онлайн тәртіпте ұсыну жоспарланып отыр.
Бүгінде қазақстандықтарға кей қызметтерді алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу қажет болса, аталған заң жобасының негізінде бұл ереже алынып тасталады. Азаматтық хал-ахуал актілерін тіркеудің барлық жеті түрі бойынша аумақтан тыс қызмет көрсету принцпі енгізіледі.
«Бұл принципті енгізу адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша емес, өз қалауынша Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеу органында өтініш беруіне мүмкіндік береді. Бұл туу, өлім, некеге тұру және ажырасу, тегін өзгерту, асырап алу туралы құжаттарға қатысты», - дейді депутат.
Сонымен қатар заң жобасының негізінде бір өтініш арқылы өзара байланысты бірнеше құжатты алу мүмкіндігі беріледі. Оған қоса қызметті алу үшін қажетті құжаттар саны да қысқартылмақ. Өз құрамында 55 қызметті біріктіретін 21 үйлесімді қызметті енгізу қарастырылуда.