Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған полицей Дархан Базарбаевты ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады, деп хабарлайды Sputnik.
«Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм)», - деп жазылған Ақорданың сайтында.
Полицей Дархан Базарбаев Қостанай облысының Тобыл қаласында қаза болды. Отбасында жанжал шығып, патрульдік полиция экипажы шақырылған. Базарбаев ер адамды ұстау кезінде жүрек тұсынан пышақ жарақатын алды.
Күдікті ұсталды, қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол полицейді қызметтік борышын атқару кезінде өлтіргені үшін 15-тен 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.