Алматы облысында пәтер ұрлығының саны азайды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл облыстағы пәтер ұрлықтарының жалпы саны 39,7 пайызға төмендеген, оның 91 пайызы жеке тұрғын үйлерде орын алған ұрлықтар болса, көпқабатты үйлердегі ұрлықтар саны 8,7 пайызын құрайды. Өзгенің мүлкін қолды қылуға жасалған талдау барысында пәтер ұрлықтары терезелерді сығымдау, кілттерді таңдау, есіктерді бұзу, сондай-ақ желдеткіштер арқылы ішке ену және кейбір жағдайда емін-еркін кіру арқылы орын алатыны анықталды.
Сонымен қатар, полиция ақпараты бойынша пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіші 10 % жақсарған. Олардың ішінде бұған дейін жасалған қылмыстар да бар. Сонымен қатар, жыл басынан 28 қылмыстық топ құрықталып, өзгенің мүлкін қолды қылудың 81 дерегіне қатысы бары дәлелденді.
Сондай-ақ, қолға түскен пәтер ұрлығына машықтанған 19 қылмыстық топтың 52 ұрлық жасағаны әшкере болды. 9 барымташылар тобы анықталып, олар жасаған 29 мал ұрлығының 13 дерегі ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.