Алматы жұртшылығы Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды

Алматы жұртшылығы Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды
Актриса 8 жыл қызмет еткен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан шығарылып, Кеңсай зиратына жерленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жұртшылығы театр және кино актрисасы Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды. Сұлулық символына айналып кеткен актрисаны ақтық сапарға шығарып салуға өнер мен мәдениет майталмандары келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

80 жасында дүниеден озған біртуар тұлға ғұмырын кино және театр саласына арнаған. 30-ға тарта фильмдерге түсіп, театр сахынасында да өнер көрсетті. Соның бірі халықтың ыстық ықыласына бөленген «Менің атым Қожа» фильміндегі Майқанова апайдың рөлі.

«Сол бейнесіне қарап қаншама қазақтың жастары ұстаз болғысы келді. Ол өзінің бейнесімен бүтін бір ұрпақты тәрбиелеп кетті. Әрине, мұндай тау тұлғалар, мұндай мэтрлар өмірден өткен кезде іштен әттеген-ай дейсің. Өйткені, біздің балалығымыз, біздің бір шастық шағымыз кетіп бара жатқан сияқты. Есеюге қадам басатын сияқтымыз», - деді Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының диекторы, актер Азамат САТЫБАЛДЫ.        

Қаралы жиында Президент, премьер-министр мен Алматы қаласы әкімінің көңіл айту жедел хаттары оқылды. Раиса Мәжитқызының халық алдында жоғары бағаға ие болғанын, оның адами қасиеттері мен көз тоймас сұлулығын сөз етті. Актриса 8 жыл қызмет еткен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан шығарылып, Кеңсай зиратына жерленді.

«Шынында да ең алғашқы рет Раяны көрген уақытта жігіттер тұрмақ, өзім ғашық болғанмын. Ол рас. Қыз келіншектердің барлығы Раяға қараған уақытта көзін ала алмайтын. Оның мөлдіреген үлкен бота көзі, әсіресе цвет лицасы. Содан кейін керемет аристократка болатын», - деді ҚР Халық әртісі Роза ӘШІРБЕКОВА.

«Ол кезде көрермен деген әртіске баратын еді. «Мынау қандай спектакль?» демейді, «кім ойнайды?» дейді. Рая ойнаған күні біз қалпағымызды аспанға лақтыратынбыз. Себебі, көрермен дым қалмай келе тұғын», - деді Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, театртанушы Сақтаған ТҰРЛЫМҰРАТОВ.    

«Алматы» арнасының ұжымы да Раиса Мұхамедиярованың туыстары мен отбасына қайғырып көңіл айтады.

Новости партнеров