Құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстарды ашу кезінде де әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады
Полиция генерал-майоры Серік Кудебаев әлеуметтік желіде өз аккаунтын ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомства басшысының айтуынша, бұл – “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ ішкі істер органдарының сервистік модельге көшу кезеңдерінің бірі.
«Бүгінгі күні Алматы облысы Полиция департаменті мен халық арасындағы коммуникация арналарын кеңейту мақсатында және қолданыстағы “Facebook” әлеуметтік желісіндегі аккаунттарға менің ресми парақшам қосылып отыр. Бұл – “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ ішкі істер органдарының сервистік модельге көшу кезеңдерінің бірі. Бұдан былай әрбір азамат көрсетілген алаң арқылы маған тікелей сауалдарын жолдап, пікір, өтініш, тілектерін қалдырып, оған толық жауап пен қажет болған жағдайда білікті көмек ала алады.
Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысы полициясының “Instagram”, “ВКонтакте”, “Facebook” әлеуметтік желілеріндегі парақшалары белсенді түрде жүргізілуде және сәйкесінше оның он мыңдаған жазылушылары да бар. Құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстарды ашу кезінде де әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады», – деді генерал-майор Кудебаев.