Рамиль Байрамов есімді 31 жастағы азамат осы уақытқа дейін жеті әйелді алдап, сан соқтырып кеткен. Альфонс жігіт әр әйелге миллиондап қарыз болған және жеті келіншектің алтауы одан перзент сүйген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алаяқтың тәтті сөзіне иланған келіншектердің бірі несие алса, екіншісі үйіндегі заттарын сатқан.
«Эмин есімді 1 жас екі айлық ұлым бар. Алғаш ол мені такси ретінде салонға жеткізіп салды. Жол жөнекей өзін керемет ұстаған оған қалай нөмірімді бергенімді де білмей қалдым. Бір аптадан кейін кездестік. Ол өте жан-жақты адам. Кіммен қалай сөйлесу керектігін, әйелдердің көңілін аулап, айтқанын істете біледі. Бірақ мен балам дүниеге келмей тұрып-ақ одан күдіктене бастадым. Себебі бірінен соң бір қиындықтары басталды. Біресе көлігін соғып алды. Біртіндеп қарыз сұрауды шығарды. Өзін "баспаханада жұмыс істеймін" деп таныстырғандықтан, тұрақты табысы бар ғой деп, 30-50 мыңдап қарыз беріп тұрдым. Алғашқы күннен өзін ажырасқан, тұрақты қарым-қатынас керек адам ретінде көрсеткен. Мен оған "анаңмен таныстыршы деп жиі айттым". Ал анасы менің жүкті кезімде хат жазып, жиі жағдайымды сұрады. Алайда олардың барлығы өтірік адамдар болып шықты. Қысқасы, кейін есептесем, мен оған 1,5 жыл ішінде 4 млн теңгеден аса қарыз берген екенмін», - деп ағынан жарылды Анель Оразбаева.
Ал Юлия Николенконың айтуынша, әкесі қайтыс болған бойда альфонс жігіт мұның үйіне кіріп алған. Сөйтіп Юлияның әкесінен қалған көлікті бөліп төлеуге алып, ауласындағы бар темір-терсекті өткізіп жіберген.
«Алғаш онымен 2015 жылы желіде таныстық. Екеуміз алты айдай хат алмасып жүрдік. Алғашында өте сыпайы жігіт болып көрінді. Көп ұзамай әкем қайтыс болып, жалғыз қалдым. Қолдауға зәру кезде, Рамиль өмірімде қайта пайда болды. «Некемізді қидырамыз» деген сөзіне сеніп, үйге кіргізіп алдым. Ол үйімді бір шолып шықты. «Мына келіншектен аларым бар екен» деп ойлаған шығар. Абырой болғанда, «үйіңді кепілдікке қояйық немесе сатып жіберейік» деген жоқ. Өйткені үйім маған мұра боп қалған болатын. Әйтпесе одан да айырылып қалар ма едім. Бірге тұрғанда ол жұмыс істеген жоқ, тамақ ішіп, диванда жатты. Ал мен үйге дорба-дорба тамақ тасимын. Менің ұлымнан кейін тағы үш ұлы барын естігенде төбемнен жай түскендей болдым. Солайша аяғым ауыр болғанына қарамастан, оны үйден қуып шықтым», - дейді Юлия Николенко.
Рамиль Байрамовтан алданған әйелдер өте көп секілді, осы күнге дейін альфонс жігіттің үстінен бірнеше рет арыз жазылған.