Мемлекет басшысының бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып Бауыржан Мырзакеров тағайындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бауыржан Мырзакеров 1975 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Прокуратура органдарындағы қызметін 1997 жылы Бас әскери прокуратураның Қапшағай гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.
Әр уақытта Шымкент гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, Сарыөзек гарнизоны әскери прокурорының бірінші орынбасары, Орталық аймақ әскери прокурорының орынбасары, Сарыөзек, Өскемен, Қапшағай гарнизондарының әскери прокуроры, Бас әскери прокурордың орынбасары, Павлодар облысы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2018 жылғы мамырдан бастап - Бас прокуратураның Күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы лауазымында болды.
Прокуратура органдарындағы қызмет өтілі 21 жылдан астам. Сыныптық шені - аға әділет кеңесшісі.
Заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген жетістіктері үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.