Жарты жылда өндірісте 14 жазатайым оқиға тіркелген

25.07.2024 17:50

Екі адам қайтыс болған

elements.envato.com

Солтүстік Қазақстан облысында биыл алғашқы жарты жылдықта өндірісте 17 адам түрлі жарақат алған, екі адам мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, биыл Петропавлдағы «Чистотел» ЖШС-де жазатайым оқиға болып, бір адам жұмыс орнында қайтыс болды. Осыған байланысты құрылған комиссия тергеу жүргізіп, жұмыс берушінің кінәсін анықтады. Яғни, кәсіпорын басшысы жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмаған, қауіпсіз еңбек ету техникасын оқытуда кемшіліктер жіберген. Жалпы өндірістегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелеріне бейғамдық танытудан болады екен.

«Осындай оқиғаларға жол бермеу үшін үнемі тексерістер жүргізіледі. Мәселен өткен жарты жылда облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмысына 176 тексеріс жүргізілді, нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 121 дерегі анықталды. Жұмыс берушілерге олқылықтарды жоюға 67 ұйғарым шығарылды. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 заңды тұлғаға жалпы сомасы 11,2 млн теңге айыппұл салынды», - дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Азат Күшербаев.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмысшылардың уақытында еңбекақы алуын да назарда ұстайды. Биыл мамандар 251 адамның жалпы сомасы 63,2 млн теңгеден астам еңбекақы ала алмай жүргенін анықтаған. Жұмысшыларына еңбекақы бойынша берешек кәсіпорындарға айыппұл салынып, жұмысшыларына қарызды толық өтеу міндеттелді.

Оқи отырыңыз: Мектеп жиналысында балағат сөз айтқан ата-ана айыппұл төледі