Еңбек мигранттарының көбі елімізге қай елден келеді

25.07.2024 17:58

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмысшыларды пайдаланатын 1 мың 796 жұмыс беруші бар

elements.envato.com

Қазақстанда 14 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді. Олардың көбі Қытайдан келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әкімдіктердің рұқсатымен елімізде 14 мың 49 шетелдік еңбек етіп жүр.

«Шетелдік басшылар мен олардың орынбасарларын жұмысқа тартуға рұқсат 576 адамға, құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 мың 598 адамға рұқсат берілсе, үшінші және төртінші санаттағы мамандар мен білікті жұмысшылаға тиісінше 5 мың 353 адамға және 473 адамға рұқсат берілген. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 мың 899 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 мың 150 адам тартылды», - деп хабарлады министрлік.

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмысшыларды пайдаланатын 1 мың 796 жұмыс беруші бар.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 123 адам, Өзбекстан – 1 968 адам, Түркия – 1 152 адам, Үндістан – 1 114 адам.

Оқи отырыңыз: Жарты жылда өндірісте 14 жазатайым оқиға тіркелген