Президент: Ең басты байлығымыз – туған еліміз

Ақорда
Ақорда
Алматы жұртшылығымен кездесуде осылай деген Мемлекет басшысы жастарға озық біліммен қатар, өнегелі тәрбие берілуі керек екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ». Алматы жұртшылығымен кездесуде осылай деген Мемлекет басшысы жастарға озық біліммен қатар, өнегелі тәрбие берілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ.

Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Қатігездік, немқұрайлық, жалқаулық – ұлттың болмысына теріс әсер ететін жағымсыз әдеттер. Қазіргі алмағайып заманда біз сабырлы, байыпты болуымыз қажет. Түрлі арандатуға ілеспей, әр нәрсеге ұстамдылықпен қарауымыз керек. Барлығын бір сәтте өзгертемін деуге болмайды. Халыққа қажетті шараларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әр адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге тиіс екенін айрықша атап өтті.

«Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Ойланбай жасалған бір қадам, аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ашумен істелген бір әрекет бүкіл елге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге тиіс. Біз әрдайым өзара бауырмалдық пен тілектестікті, мейірімділікті дәріптеуіміз керек. Азаматтардың бір-біріне қамқорлығы елге деген жанашырлыққа ұласады», - деді Қ. Тоқаев.

Оның айтуынша, әрбір азамат үшін өз туған жерін сүюден артық бақыт жоқ.

«Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, Елім, Жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды. Ең басты байлығымыз – туған еліміз. Сондықтан мемлекет мүддесі қашанда барлығынан биік тұрады», - деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Новости партнеров