Заңға сәйкес, оқу орны қойылған талапты орындамаған жағдайда ғана министрлік сотқа береді
Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін лицензиясынан айыру бойынша сот отырысы бүгін басталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Бұған дейін аталған оқу орнының лицензиясы тоқтатылған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министрдің хабарлауынша, ведомство алдымен оқу ордасына ескерту жасаған. Кейін кемшілікті қаншалықты түзеткенін бірнеше мәрте тексеріпті. Жалпы заңға сәйкес, оқу орны қойылған талапты орындамаған жағдайда ғана министрлік сотқа береді. Қалыптасқан жағдайға байланысты министр ата-аналар мен студенттерді, онда еңбек ететін қызметкерлерді алаңдамауға шақырды. Себебі лицензиясынан айырылған университтердің ұжымы міндетті түрде басқа университеттерге ауыстырылуы тиіс.
«Айтайын дегенім, осы университетте заңбұзушылықтар орын алды деген ақпарат пайда болғанға дейін осы қысқа мерзім ішінде бірнеше мың студенттің ауысқанын көрдік. Біз мемлекет ретінде студенттерге оқуды тиісті профильде, оқыту бағытында, осы аймақта немесе басқа жерде жалғастыра алуы үшін көмектесуіміз керек. Тәуекел аймағында тұрған барлық жоғары оқу орындары үшін жол картасы қабылданды, іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда бірде-бір студенттің ескеруінсіз қалмауын қарастырдық. Бұл жағдайда біз ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.