Алматыда аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері жалғасып жатыр. Алмалы ауданында халықты ескі үйлерді сүру, қауіпсіздік және қоғамдық көлік жәйі алаңдатады. Жиында қалалық басқарма басшылары да қатысып, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, осыған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аудан халқымен 2 мәрте жүздескен. Сол кезде 210 мәселе көтеріліп, 50-ден астамы бірден оң шешім тапты. Кездесулер қорытындысы бойынша азаматтардың өтініштерін қарау үшін «Жол картасы» әзірленді.
«Біздің алдымызда Президентіміздің халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттарға сәйкес өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру және азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті тұр. Өткен жылы, 2018 жылы атқарылған жұмыстардың есебі бойынша 7 рет халықпен есептік кездесу өткіздім. Кездесу барысында 94 сұрақ көтеріліп, оның ішінде 37 мәселе бойынша түсініктеме берілді», – деді Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.
Алмалы ауданында әсіресе әлеуметтік мәселе жіті бақылауда. Өткен жылы көпбалалы отбасыларды қолдайтын «Бақытты отбасы» орталығы ашылған. Онда «ISKER ANA» жобасы сәтті жүзеге асып, 700-ге жуық көпбалалы және жағдайы төмен жанұялар «Бизнес бастау» курсын тәмамдады. 331-і қайтарымсыз грант алып кшігірім кәсіп бастады. Олар көмек ретінде 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін қаражатқа қол жеткізді.