Шамалған стансасында апат салдарынан бүтін бір отбасының 3 адамы зардап шеккен. Олар Қарасай аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
33 жастағы келіншек пен 3 және 5 жастағы екі қызы аса ауыр дене жарақатын алған. Екі бала жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратымен демалуда. Ал, пойыз жолаушыларының ешқайсысы медициналық көмекке жүгінбеген.
«Бәрі «есікті аш, есікті аш» деп айтып жатыр. Жүргізушінің көз байланып қалды ма, есікті аша алмай қалды. Пойыздың жарығы жақындаған сайын, жан алқымға тірелді. Шыны керек, мына жаққа көпір салмаса, жыл сайын қаншама адам көз жұмып жатыр», – деді автобус жолаушыларының бірі.
Облыстық жедел жәрдем станциясына 67 орынды автобусты пойыздың қаққаны жөнінде ақпарат кеше кешкі 19 сағат 26 минутта түскен. Оқиға орнына 9 жедел жәрдем көлігі 15 минутта жеткен.
«2014 жылғы қызымызға операция жасадық. Себебі миына қан құйылған. Екінші қыз бала да ауыр халде. Қатты ұрылғаннан басына зақым келген. Сол себепті екеуі да комада. Тыныстау үшін арнайы құрылғыларға жалғанған. Дәрі-дәрмектің арқасында ұйықтап жатыр. Ал аналарының оң иығы мен 4 сол жақ қабырғасы сынған. Сондай-ақ сол жағындағы бұғанасы мен жауырыны да сынған», – деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ НИЯЗБЕКОВ.