Алматыдағы халық санағының алғашқы нәтижесі: 2 млн 188 мыңнан астам респонденттен сауалнама алынды

29.10.2021 17:55

Ұлттық санақтың негізгі кезеңі Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өтеді

фото: Turar Kazangapov, tengrinews.kz пресс-служба акима Алматы

ҚР Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде 2021 жылғы халық санағының алғашқы нәтижелерін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

А. Әбілдәбеков атап өткендей, 2021 жылғы Ұлттық санақтың негізгі кезеңі Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өтеді. Әдістеме бойынша 8 қарашаға дейін  тағы бір рет тексеру, аралап шығу қарастырылған. Санақ ұраны: «Қазақстанда әрбір адам маңызды!».

«Бүгінде санақ бойынша халықты кеңінен қамту Алматы қаласында тіркелген. Санақтан өткен тұрғындарды тіркеу бойынша біздің қала өңірлер арасында бірінші орында. 2 188 603 респондент сұралды, бұл 109,1%-ды құрайды», – деп хабарлады А. Әбілдабеков.

ҚР Ұлттық статистика бюросы сайтының  дерегі бойынша осы жылдың 1 тамызы бойынша мегаполисте 2 005 496 адам тұрақты тұрған. Онлайн-санақ пен пікіртерімнің аралық қорытындысы бойынша интервьюерлер қазіргі уақытта Алматы халқының саны артқанын көрсетті.

«Санақ ел халқының нақты санын, оның құрамы мен өмір сүру жағдайлары туралы ақпаратты білуге мүмкіндік береді. Оларды талдау нәтижелері бойынша «халықтың сапасы» туралы айтуға болады. Санақтың негізгі мәні – әр адам ескерілуі керек. Өмірлік шешімдер осыған байланысты. Мысалы, жаңа емханаларды, мектептерді қайда ашу керек, көлік инфрақұрылымы мәселесі шешіледі. Демографиялық статистиканы коммерциялық компаниялар да пайдаланады», – деді спикер.

А. Әбілдабеков 15 қазандағы онлайн-санақ аяқталған сәттен бастап тұрғындардан онлайн-сауалнама функциясын жаңарту туралы көптеген өтініштер түсе бастағанын атап өтті. Осыған байланысты сайтта онлайн-режимде 21 қазаннан бастап sanaq.gov.kz платформасының санақ жүргізу функциясын жаңарту туралы шешім қабылданды.  Сауалнаманы бұрынғыдай мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында толтыруға болады. Ол е-Gov порталы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы авторизацияланды. Онлайн өту функциясы халық санағының соңына дейін қолжетімді болады.

«Қала 327 нұсқаушылық және 2 287 есептік учаскеге бөлінген. Әрбір есеп учаскесі бір интервьюерге бекітілген. Тұрғындарды тек онлайн-санақпен қамту бойынша Әуезов ауданы көш бастап тұр – 41,79%. Ал, Бостандық ауданында онлайн-санақпен қамту деңгейі өте төмен – 24,09%. Екінші формат – офлайн-санақ бойынша өз аудандарының 80%-дан астамын қамтыған Наурызбай, Жетісу, Алатау, Түрксіб аудандары көш бастап тұр», – деп хабарлады А. Әбілдабеков.

Қаланың барлық аудандары қазіргі халық санынан асып түсті. Сонымен бірге, сұхбат алушылар әлі де мегаполис тұрғындарын қайта жазуды жалғастыруда.

ҚР Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы қала тұрғындарына белсенділік танытқандары үшін алғыс айтып, санақтан өтпеген адамдарды онжылдықтың аса маңызды іс-шарасына қатысуға шақырды.

«Егер үйіңізге санақ жүргізуші келе алмаса, онда сіз онлайн-форматта санақтан өте аласыз немесе «1446» Call-орталығына қоңырау шалып, өзіңізге интервьюерді шақыра аласыз. Халық санағынад әр адам қамтылса, сәтті деп саналады. Бұл біздің еліміздің барлық тұрғындарын қамтығанымызды білдіреді», – деді А. Әбілдабеков.

Айта кетерлігі, алынған ақпарат өңделген соң ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлаудың негізіне айналады. Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге елеулі және зор үлес қосатын болады.