Атырауда 21 жыл құжатсыз жүрген азамат анықталды

23.02.2023 17:57

Қазақстандық әйелмен отбасын құрған

egemen.kz

Атырауда 21 жыл құжатсыз жүрген өзбекстандық қария анықталды. Жеке басы анықталған соң шетелдік азамат еліне қайтарылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 20 қаңтардан бастап «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Аталған іс-шара кезінде Атырау қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Кеңесов құжатсыз жүрген 72 жастағы шетелдікті анықтады. Өзбекстан Республикасының азаматы Қазақстанға 2000 жылы келген. Қазақстандық әйелмен отбасын құрған. Ерлі-зайыптылардың 5 баласы бар. Шетелдіктің айтуынша, сол жылы құжат дайындамақ болған. Бірақ, қажетті құжатты толық тапсыра алмаған», – деп хабарлады Департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері құжатты жинақтады. Нақтылай айтқанда, 1951 жылғы шетелдіктің жеке басын анықтап, еліне қайтару үшін тиісті құжат тізбесін Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы консулдығына жолдады.