Көбінесе патрульдік полиция инспекторлары қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті басшысының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Асхат Нығманов айтты.
«Павлодар облысының полиция департаменті ішкі істер органдарының қызметіне 35 жастан аспаған ер азаматтарды қабылдау жүргізеді. Үміткерлер біліктілік талаптарына сәйкес және полиция органдарында жұмыс істеуге жарамды болуы тиіс. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген кандидаттарға келесі біліктілік талаптары қойылады», – дейді Асхат Нығманов.
Спикердің айтуынша, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектордің бойы – ер азаматтар үшін 170 см-нен кем емес, әйелдер үшін 160 см-ден кем емес. Білімі – жоғары заңгерлік.
Жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторының бойы – 175 см-ден кем емес. Білімі – «заңтану», «халықаралық құқық», «алғашқы әскери дайындық», «дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша жоғары. Ату немесе күрестің әскери түрлері бойынша спорттық дәрежелердің болуы міндетті.
Патрульдік полиция саптық құрылымдары қызмет инспекторының білімі – «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Құқықтану», «Көлік, көліктік техника және технология» мамандықтары бойынша жоғары немесе арнайы орта. Әскерде немесе әскери-техникалық мектептегі қызмет міндетті.