Көпбалалы отбасылар баспаналы болуы үшін арнайы сертификаттар берілуі мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде Қазақстанда 28 мың көпбалалы отбасы бар деді ведомство басшысы. Министрдің мәліметінше, былтыр аталмыш санаттағы 700-ге жуық отбасы жеке баспанасына қол жеткізген. Бұдан бөлек Үкіметте «7-20-25» бағдарлама аясында көпбалалы ата-анаға сертификат беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
«7-20-25» бағдарламасы, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бойынша жыл сайын 10 мыңнан астам пәтер салынады. Осындай категорияларға көмектесу үшін Елбасы әкімдіктерге тұрғын үй сертификаттарын беру туралы тапсырма берді. Ол бойынша заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. 2-3 айда бұл заң қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Осы заңның арқасында әкімдіктер бұл сертификатты үйге мұқтаж отбасыларға бере алады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Брифингте бағасы арзан отандық әуе компаниясы «Флай Арыстан» жайлы да айтылды. Қолжетімді рейстер үшін «А-320» маркалы төрт ұшақ сатып алынбақ. Шілде айында олардың екеуі ұшуға дайын болады. Ведомство бір жылда әуе жолымен 1 миллион жолаушыны тасымалдауды көздеп отыр. Министр билет бағасы қалай қойылатынын түсіндірді.
«Мысалы, бүгін «Эйр Астана» тасымалдаудың орташа бағасы 100 доллар. Олар құнын өздерінше қояды. Билетті бір жеті алдын ала алса, бір баға. Үш күн бұрын алса, өзге баға, ал бір сағат қалғанда алса, құны біраз қымбат тұарды. Ал біз «Флай Арыстанның» Қазақстан бойынша орташа бағасы 40-45 доллар болады деп күтудеміз. Бұл екі есе арзан», – деді Жеңіс ҚАСЫМБЕК.