Бауыржан Байбек көпбалалы аналар орталығын құруды тапсырды

Бауыржан Байбек көпбалалы аналар орталығын құруды тапсырды
Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің жол картасы жасалып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал Алматыда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдаудың жол картасы жасалады. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж жандарға көмек қолын созатын «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге аспақ. Игі бастаманы қос қолдап қолдаған кәсіпкерлер орталық құрылмай жатып, оған қомақты қаражат аударды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 23-ші сессиясын қала әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы отбасыларды қолдап, мәселелерін шешуден бастады. Алматы әкімі 4 ақпан күні елордада болған қайғылы оқиғаны еске алып, өрт қауіпсіздігіне аса мән беруді тапсырды. Сөзінше, төтеншеліктер 145 мыңнан астам жеке үйді тексеріп, ысты бірден анықтайтын 140-қа жуық құрылғыны орнатқан. Ал қаладағы 650 көпбалалы ана қабырғаны қайыстырған бес қыздың өлімінен кейін әкімдікке түрлі ұсыныстарын арқалап келіп, билік басындағылармен кездескен.

«Астанада көпбалалы отбасында орын алған қайғылы жайт қазақстандықтармен бірге біздің де қабырғамызды қайыстырды. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды, оның ішінде көпбалалы аналарды жан-жақты қолдау жұмыстары жүйелі түрле жүргізілуде. Бұған дейін өрттен болатын  өлім-жітімді төмендету шараларының жоспары бекітілген болатын. Соған байланысты барлық ПИК басшылары оқудан өтті. Сонымен қатар 25 интерактивті және жаттығу сабақтары өткізілді. Нәтижесінде өрт жарақаты 33 пайызға, газдан улану саны 55 пайызға төмендеді. 200-ден астам адам құтқарылды. Құтқарылған мүлік құны 2,3 млрд теңгені құрайды. Жалпы бұл мәселелер әрқашан «Нұр Отан» партиясының назарында», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Аналардың айтқан ұсыныстарын ескерген Алматы қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Әділханов ашық қор құруды ұсынып, оған өз қалтасынан 7 миллион теңге аударды. Оның сөзін қолдаған басқа да кәсіпкерлер әлі құрылмаған қорға бар-жоғы 5 минуттың ішінде 30 миллион теңгеге жуық қаржы бөлетін болды.

«Ана мен бала махаббаты дегенде әрбір адам шет қалмайтын шығар. Сондықтан өзімнің жеке дара ұсынысым, ашық қор ашылса деймін. Екіншіден, сол қорға өз тарапымнан мен, Әділханов атындағы қор арнайы 7 миллион теңге ақша бөлемін», – деді «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі Мұрат ӘДІЛХАНОВ.

Ал ашық қор құру туралы ұсынысты қала әкімі Бауыржан Байбек бірауыздан қолдап, қор ғана емес, орталық құруды тапсырды. Онда көпбалалы отбасыларға барлық жағынан көмек көрсетілуі тиіс. Орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істеп, тұрмысы төмен жанұяларға кешенді көмек көрсетуді көздейді. Оның ішіне, мекенжай бойынша көмек, әлеуметтік төлем және демеушілік қолдау енбек. Алматы басшысы бұл бір реттік акция емес, жүйелі түрде жүзеге асатын жоба болады деді. Жаңадан құрылатын орталық «Бақытты отбасы» деп аталмақ.

«Бақытты отбасы деген отбасында бір-екеуі жұмыс істеп, балалары балабақшаға, мектепке барады, денсаулығы жақсы, баспанасы бар деген сөз ғой. Бақытты отбасында барлық мәселе тез шешіледі. Тұрғындармен кері байланыс барысында анықталған мәселелерді шешу жолында депутаттық фракция қала әкімдігіне тиісті ұсыныстарды әрине, үздіксіз енгізуде. Осылардың барлығының нәтижесінде қала бюджетінің 50 пайыздан астамы әлеуметтік қажеттілікке, яғни азаматтардың мұң-мұқтажын қанағаттандыруға, тұрғындардың мәселелерін шешуге жұмсалды», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Енді қысқа мерзім ішінде көмекке зәру жандарды тағы да бір рет анықтап, әр отбасынан бірінше кезекте қажет көмек түрлерінің тізімі жасалмақ. Қала басшысы әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс жасауды және нақтылы ұсыныстар айтуды жүктеді.

Айта кетейік, қала әкімдігі былтыр 25 мыңға жуық 13 түрлі әлеуметтік қолдау көрсеткен. Оның қатарында мүгедек, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бар. Бір реттік көмек 4 мыңға жуық отбасыға беріліпті.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров