Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың сәби сүйгілері келеді
Мүмкіндігі шектеулі жандар лайықты өмір сүруді қалайды. Олар дені сау жандармен тең жүруді жөн көреді. Сондықтан, бүгін Алматыда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мүмкіндігі шектеулі жандар халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шетелден мамандар шақырып, екі күн бойы қордаланған мәселелерді әлемдік тәжірибе негізінде шешу жолдарын қарастырады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың сәби сүйгілері келеді. Ол үшін арнайы бағдарлама қабылданып, үкіметтен медициналық тұрғыдан көмек көрсетілсе екен деген игі тілектері бар.
«Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың репродуктивті денсаулығына ерекше мән берілу керек. Ол үшін арнайы мүгедектерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламар құрылса да артықтық етпейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар емін-еркін отбасын құрып, қалаған уақытта сәби сүюге құқылы. Олардың санын да мүмкіндігі шектеулі жандар өздері шешуі керек», – деді БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза МОЛДАҚҰЛОВА.