Күйеуі – полицей, әйелі – дәрігер: Семейдегі жас отбасының қазіргі өмірі қалай өтуде

25.04.2020 18:18

Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі бері олардың жүктері ауырлай түскен

Фото: inform.kz

Семей қаласында тұратын жанұяның отағасы полиция қызметкері, ал жұбайы дәрігер болып жұмыс істейді. Жұқпалы дерттің жайылу қаупіне байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгелі бері олардың жүктері ауырлай түскен, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

Отбасының қамқоршысы Архат Шыңдалинов Әуезов полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Төтенше жағдай кезінде ол көшелерді патрульдеп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Күн сайын сағат 08.00-ден 23.00-ге дейін жұмыстамын. Кейде түнгі ауысымға түсемін. Тұрғындардың бейберекет далаға шықпауын қадағалап, қоғамдық тәртіпті сақтаудамыз. Семейліктер шектеу шараларына түсіністікпен қарауда. Айтқанымызға бағынбай, қарсылық танытқандар кездескен жоқ», - дейді полицей.

Оның айтуынша, демалыс күндері жеке көлікпен жүруге тыйым салынған. Алайда бұл талапты орындамаған тұрғындар да болыпты. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Архат жұбайы Әйгеріммен бауырының үйлену тойында танысқан екен. Екеуі 2 жылдай кездесіп, 2016 жылы шаңырақ көтерген. Айкербез есімді қыздары биыл 3-ке толады. Зайыбы қаладағы ядролық медицина және онкология орталығында дәрігер болып жұмыс істейді.

«Елімізде Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап медициналық мекемеге бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды. Күндізгі стационар жабылды. Емделіп жатқан науқастардың туған-туыстарына тек телефон арқылы хабарласуға рұқсат берілді. Дәрігерлер жұмысқа келгенде міндетті түрде тексеруден өтеді», - дейді Әйгерім Қайырханова.

Сәуір айында Шығыс Қазақстанда карантин енгізілген соң ол еңбек демалысына жіберіліпті. Қазір баласын қарап үйде отыр. Қызы екеуі ойындар ойнап, мультфильм көріп, бірге уақыт өткізуде. Далаға тек дүкенге бару үшін шығады. Отбасы жеке бас гигиена талаптарын қатаң сақтап, түнде отағасы жұмыстан келгенде беті-қолын сабынмен жуып, киіміне антисептик себеді.

«Жерлестерімді карантин уақытында тәртіпті сақтап, үйде отыруға шақырамын. Бала-шағаңыз, жақындарыңыз қауіпті дерттен ада болсын десеңіз аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпау керек. Дүкенге барған кезде маска киіп, кезекте тұрғанда бір метрдей ара қашықтықта тұрғаныңыз жөн. Осындай қиын кезде бәріміз біркісідей заң талабына бағынайық», - дейді Әйгерім.