Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынына қатысты

09.10.2020 01:30

Президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды

© Sputnik / Тимур Батыршин

Алматы облысында Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиыны өтті. Шараны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқу орталығының командалық пунктінде Жоғарғы Бас қолбасшыға бітімгершілік полкінің жұмысы туралы баяндалды. Сондай-ақ, қазақстандық бітімгершілік полкіне жүктелген міндеттерді орындаудың жалпы алгоритмі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, Президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды. Мемлекет басшысы оқу орталығының инженерлік, лингвистикалық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгершілік даярлық оқу орталығының инфрақұрылымымен танысқаннан кейін оқу-жаттығу жиынын бақылады. Оқу-жаттығу жиыны барысында бітімгершілік контингенттің гуманитарлық жүк тиелген колоннаны алып-жүру кезіндегі іс-әрекеттері пысықталды. Ал, Мемлекет басшысы Қазақстанның заманауи армиясы Ұлы даланың ержүрек батырларының даңқы мен әскери дәстүрлерін мұраға алғанын атап өтіп, мұны әрдайым есте ұстау керек екенін айтты.

«Сіздерге  ең қасиетті борыш жүктелген. Өйткені Отан қорғаудан артық міндет жоқ! Армия – мемлекеттің берік қорғаны. Бүгінгі әскер – байрақты батыр бабалардың ұрпағы! Осыны ешқашан ұмытпаған жөн. Біздің ұлан-байтақ жеріміз бар. Оны қорғау үшін дайындығымыз жоғары болуы керек. Бізге өз еліміздің ғана емес, әлемнің тыныштығы да өте маңызды. Сол үшін әрдайым бітімгершілік қызмет атқарып келеміз. Ынтымақтастық пен серіктестік – біздің басты бағытымыз. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қостыңыздар. Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл міндетті адал атқардыңыздар. Осындай жаттығуларда шеберліктеріңіз шыңдала түседі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент - Елбасының өзі тікелей құрған Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық қағидаттарына іс жүзінде сай келетінін жеткізді. 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат Біріккен Ұлттар Ұйымының Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту  үшін жасалған маңызды қадам.

«Қазіргі уақытта өз жауапкершілік аймағының бақылау-өткізу бекеттеріндегі әскери міндеттерін қазақстандық бітімгерлер ротасының төртінші құрамы атқаруда. БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін ұсынды. Бұл бөлімшелер қазіргі бітімгершілік операцияларында барынша сұранысқа ие», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.