Елорда вокзалында Қазақстанда шығарылған жаңа вагондар таныстырылды

31.12.2019 в 18:05

Жаңа вагондар «Атырау-Алматы», «Алматы-Маңғыстау» бағыттары бойынша жолаушылар тасымалдайды

Жолаушыларға жаңа жылдық тарту. Елорда вокзалында Қазақстанда шығарылған жаңа вагондар таныстырылды. Олар отандық «Тұлпар» зауытында ресейлік технологиямен жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше түнде Нұр-Сұлтан-1 стансасынан Алматы қаласына 16 жаңа купе вагон жөнелтілсе, қалған 12 плацкарт вагон бүгін және 2020 жылдың 3 қаңтар күндері «Нұр-Сұлтан-Нұрлы-жол-Атырау» бағыты бойынша жолға шығады. Жаңа вагондар «Атырау-Алматы», «Алматы-Маңғыстау» бағыттары бойынша жолаушылар тасымалдайды.

«Осыған дейін 63 вагон жаңартқанбыз. Олар қазіргі уақытта оңтүстік-батыс бағытта жолаушылар тасымалдайды. Жалпы, жыл сайын 100 вагоннан жаңартып тұру міндеті қойылған. Ал, мына вагондар әбден тозығы жеткен вагондары бар бағыттарға жіберіледі. «Қазақстан темір жолы» паркіндегі  вагондардың 45 пайызы ескі», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік КАМАЛИЕВ

Вагондардың негізгі артықшылығы  - ауаны зарарсыздандыру және тазалау үшін қазіргі заманғы сүзгілермен жабдықталған кондиционерлеу жүйесі бар. Бұдан басқа әр вагонда жолсеріктің купесінде, дәліздер мен тамбурларда орналасқан түрлі-түсті режимде түсіретін алты бейнекамера орналастырылған. Әр купеде және дәліздерде кернеуі 220 вольт болатын электр розеткалары және ұялы телефондарды қуаттауға арналған 2 заманауи USB порт орнатылған. Және тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, ауызсу диспенсері және ыстық су титаны бар. Вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жыл.

«Қазір нағыз билеттерге сұраныс жоғарылаған кезде мұндай вагондармен толығу жүктемені жеңілдетеді. Вагондар түтін датчиктерімен, дербес өрт шлангасымен және әр вагондағы су қорымен, қазіргі заманғы өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Екі био дәретхана кешені енді автономды түрде жұмыс істейді және суды зарарсыздандыруға арналған резервуарлар 1200 литр сумен жабдықталады»,  - деді «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ.