Алматы облысы Жармұхамбет ауылын су басты

31.12.2019 в 18:24

Ауыл маңындағы шағын өзен арнасынан асып, жеке үйлердің ауласына бір-ақ барған

Төтенше жағдай екі күн бұрын орын алды. Ауыл маңындағы шағын өзен арнасынан асып, жеке үйлердің ауласына бір-ақ барған. Жағдай күрделенгенімен, құтқарушылар қиындыққа тап болған ауыл тұрғындарына көмектесуге асықпаған көрінеді. Жармұхамбеттікілер төтенше жағдайдың салдарын өздері шешуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жармұхамбет ауылының тұрғындары резеңке етікпен жүргендеріне екі күн болған. Жеке саяжай массивінің тұрғындары түні бойы өзен маңын кезекпен қарауылдаған. Өз күштерімен өзен маңына құммен бөгет орнатыпты. Оған қарамастан арыққа жақын орналасқан екі үй зардап шеккен. Үй иелерінің айтуынша, түні бойы қауіп-қатермен күресіп, протативті сорғылар алып келген. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігнің арқасында өзге тұрғын үйлерге судың енуіне жол берілмеді дейді.    

«Мен таңғы сағат 4-тен жүрмін. Су таситынын бізге ешкім ескертілген жоқ. Әдетте ескертетін. Су жібереміз 4 текше не 3 текше су деп ескертетін. Ал қазір аяқ астынан жіберді», - деді Мақсұтхан АБДУЛЛАЕВ.

Ал, төтенше Жағдайлар департаментегілер ешқандай бұлақ арнасынан аспады деп отыр. Тек, құбырдың қоқысқа толып қалуынан болды деп түсіндіреді.

«Су тасуы қардың еруі мен тұрмыстық қалдықтардың екі құбырды бітеп қалуынан орын алды. Нәтижесінде екі ауланың аумағы су астында қалды, үйге су кірмеді. Сондай-ақ, Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылының үш учаскесін су басу қаупі туындады. Қатердің алдын алу үшін бір техника пайдаланылды. Мұзды трактормен тазартылды. Қауіп жойылды», - деді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Азамат ЖҰРТБАЕВ.

Жергілікті тұрғындар болса, бұл бірінші жағдай емес дейді. Осы сынды су басулар көбіне көктем мезгілінде орын алатын көрінеді. Тіпті, өткен жылы осы маңға жаңа өткел орнатқан көрінеді. Бірақ, оның да пайдасы шамалы болып тұр дейді жұрт.

БЛИЦ

«Бибігүлдің жұмысы. Ақшаны жинап алды бір жыл бойы, енді қайтадан қараңыздар».  

«Көпір жасаймыз деп ақша жинаған негізі. Сол кезде мен ақша бермеймні деп айтқанмын. Өйткені бұл көпір дұрыс жасалынбайтыны белгілі болған. Ақша бөлінген, оның бәрі қайда кетті?»    

Саяжай массивінің төрайымы жергілікті билікке жақындап қалған қауіпті бірнеше рет ескерткендігін айтады. Алайда, оны тыңдаған ешкім табылмапты.

«Ол дұрыс есептелмеген, өйткені жоғарыдағы қар ерігенде су бүкіл біздің өзенмен ағады да осылай үш жыл қатарынан болды. Қосымша шлюздар болуы керек. Елтай, Исаева жақтың шлюздарын ашқанда мүмкін мұндай тасқын болмайтын ба еді», - деді «ивушка» ТПБС төрайымы Бибігүл НЕСІПБАЕВА.

Бұл мәселені жергілікті билік қалай шешетіні белгісіз. Ал, тұрғындарға Жаңа жылды су басуынсыз жақсы қарсы алу үшін суды өз қолдарымен шығару қажет болады.

Арнат Дүйсен, Мейрамбек Исабеков «Алматы» телеарнасы