АҚШ-та қазақ радиосы эфирге шықты

АҚШ-та қазақ радиосы эфирге шықты
«Freedom FM» радиосы күнделікті 2 сағатты қазақ тіліндегі жаңалық пен музыкаға арнайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нью-Йоркте қазақ радиосы іске қосылды. Нақты айтқанда, «Freedom FM» радиосы күнделікті 2 сағатты қазақ тіліндегі жаңалық пен музыкаға арнайды. Осы орайда АҚШ-та «Qazaq time» радиосы қалай пайда болғаны туралы ҚазАқпаратқа оның негізін қалаушы әрі радио жүргізушісі Данияр Қожан айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жерлесіміз Данияр Қожан – Алматының тумасы. Ол қаладағы Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Нью-Йоркте тұрып, жұмыс істеп жатқанына 3 жылдан асқан. Онда Данияр адвокаттың PR-менеджері болып қызмет етеді.

Сондай-ақ, отандасымыз АҚШ-та қазақ мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүр.

Нью-Йорктегі «Qazaq time» радиосы санаулы күн бұрын ғана алғаш эфирге шықты.

Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулы Алмат Айдарбеков, «Жұлдыз ФМ» радиосындағы әріптестер және Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов оның бағдарламасына қонақ болған.

«Қазіргі заманда радионың рөлі бұрынғыдай әлі де зор. Ол тыңдармандарын жоғалтқан жоқ және қарқынды дамушы БАҚ болып отыр. Америкада қазақ радиосы эфирін таратуды қолға алдым. Сырт жерде бізге Қазақстан жетіспейді. Осы орайда қазақ радиосын ашу таңдауын жасадым. Мен қазақ халқының үнін бүкіл АҚШ-қа жеткізгім келеді. Осылайша ана тіліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді», – деді Данияр Қожан.

Новости партнеров