ҚР Президенті шетелдіктерге жер сатуға заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды

26.02.2021 01:36

Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында айтты

Ақорда

Жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерді сатуға және жалға беруге Заңмен шектеу қойылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы 1 айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастауды тапсырды. 

Осылайша биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды міндеттеді. Бұдан бөлек, ауыл әкімдерін сайлауды да биыл тамыздан бастап желтоқсан айына дейін жүргізуді, ал аудан әкімдерін 2024 жылдан бастап сайлауды ұсынды. 

Кеңесте халықты қолжетімді баспанамен қамту,  мұғалімдер мен дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға бір жерден медициналық қолдау көрсету секілді тағы да басқа көптеген өзекті түйткілдер бойынша жұмыстар атқарылатыны айтылды.