Ол 2011 жылдан бері буын ауруына шалдығып арбаға таңылған
Буын ауруына шалдығып, арбаға таңылған Айжан Нүкееваның бар барманы – балаларын жеткізіп, өз баспанасына қол жеткізу. Төрт баланың анасы қалада тіркелмегендіктен, барлық әлеуметтік көмектен қағылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үйлі болсам, аяғымнан тұрып кетсем. Балаларымның жиналысна барғым келеді бірге. Оларды өсіріп-жетілдіргім келеді. Аяқтарынан тік тұрғызсам деймін», – дейді Айжан Нүкеева.
Төрт баланың анасы Айжан Нүкееваның асқақ арманы осы. Қуықтай жерден оның шықпағанына үш жыл болыпты. Шығуға болар еді. Алайда арбасы ыңғайсыз. Оның өзін 7 мың теңгеге алған. Өзгенің көмегінсіз жүрмейді. Әйтпесе үйдің тірлігін өзім-ақ істер едім деп налып отыр.
«Тым құрыса, бір бөлмелі болса да үйіміз болса, балаларым емін-еркін жүретін еді», – деп армандайды ол.
Төрт баланың анасына кедергі келтіріп отырған дерті ғана. Ол 2011 жылдан бері буын ауруына шалдығып арбаға таңылған. Тұрғылықты жері болмағандықтан, тіркеуге де тұра алмаған. Соның кесірінен барлық әлеуметтік көмектен қағылып отыр. Жолдасы ғана жұмыс істейді. Оның айлығы шайлығынан аспайтын көрінеді. Үлкен ұлы колледжді тәмамдап, жоғары білім алғысы келгенімен шекті балл жинай алмапты. Қаржы қысқан уақытта, ештеңеге қарамастан баласын оқытқысы келеді.
«Арманым сол баламды оқытсам. Жаман айтпай жақсы жоқ қой, , енді не істеймін?! Құдай сақтасын, егер маған бір нәрсе болса, сол балам қарайды ғой бауырларына. Өзімнің қан қысымым жоғары, жүрегім де ауырады. Сол ұлымды жеткізгім келеді», – деді көпбалалы ана Айжан НҮКЕЕВА.
Мектеп жасындағы балаларын да оқуға дайындау мәселесі күтіп тұр. Әзірге Айжанға Медеу ауданындағы белсенді аналар шамалары келгенше көмек қолын созуда.
«Үш жыл далаға шықпадым деген нәрсе енді, қаланың қақ ортасында тұрып, мынандай жағдайда өмір сүріп жатқан ананы көріп, шынымды айтсам, ұйқы қашты бізден. Өзіміз спонсор тауып, етін, балалардың аз-маз киімін, азық-түлігін алып келдік», – деді Алматы қаласы Медеу ауданындағы көпбалалы аналар тобының жетекшісі Аида БОКАЕВА.
Белсенді аналар отбасыны қалаға тіркеу үшін шарқ ұрып жүр. Алайда 4 баласы бар мүгедек ананы бір үйге тіркеу мүмкін емес дейді. Тиісінше атаулы әлеуметтік көмекті де ала алмайды. Мүгедек анаға қандай да бір көмек көрсеткісі келетін адамдар «Алматы» арнасының редакциясына хабарласса болады.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы