Елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде Ана капиталын енгізу керек. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкімет басшысына жолдаған сауалында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутаттың сөзінше, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Сонымен қатар мәжілісмен ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұратынын мәлімдеді.
«Толық емес отбасылардың проблемалық мәселелері өте өзекті. Онда ата - аналардың біреуі, анасы немесе әкесі балаларды тәрбиелеп жатыр. Бір, екі немесе үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке де көптеген қиындықтарға тап болады, бірақ әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер санатына кірмейді. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, бізде мұндай 500 мыңнан астам отбасы бар және оның басым көпшілігі жалғызбасты аналар болуы мүмкін», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.
Ал, депутат Айжан Ысқақова бала күтімі бойынша жәрдемақыны ұлғайтуды, ақылы декреттік демалыс кезеңін 2 жылға дейін белгілеуді ұсынды.
«Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері – 16 801 теңге, ал бюджеттен бір сотталған адамға айына шамамен 88,5 мың теңге жұмсалады және түзеу мекемесінде болған барлық мерзімде ол күзетпен, тамақпен, киіммен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Айырмашылық 5 есе. Ел үшін кім қымбат», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айжан Ысқақова.