Биыл қанша қытайлық елден шығарылды – ІІМ

05.10.2023 18:14

Олар көші-қон заңнамасын бұзған

gov.kz

Сенаттың жалпы отырысының кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қытаймен визалық режим жайлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

«Қытай тарапы егер қазір визасыз жұмыс істей бастаса, бір жағынан да, екінші жағынан да азаматтар ағыны артатынын түсініп отыр. Бірінші кезекте заңсыз көші-қонды бақылау үшін олар ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы мемлекеттердің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімнің жұмыс істеуін белгіледі. Біз келісімді ратификациялаймыз және параллель әрекет ете бастаймыз. Осы Заңға қол қойылса, визасыз режим әрекет ете бастайды», - деп түсіндірді Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха.

Министрдің орынбасары бұл заңға қол қойылғаннан кейін қытайлықтар Қазақстанда қанша уақыт бола алатынын айтты.

«Келісімге қол қойылса, қытайлықтар елімізде 30 күнге дейін заңды түрде бола алады. Жарты жылда 90 күн бола алады. 30 күн өткен соң шекарадан кіріп-шығу арқылы жарты жылда 90 күнге дейін бола алады. Бізде заңды бұзғандар сотқа жолданады. Сот ол бойынша шешім қабылдаса, сол бойынша жұмыс істейміз. Биыл 61 қытай азаматы заң бұзғаны үшін елден шығарылған. Көп жағдайда олар көші-қон заңнамасын бұзған, транзит арқылы өткенде мерзімді сақтамаған және болуға рұқсат етілген мерзімнен асып кеткендер», - деді Игорь Лепеха.