Нұр-Сұлтанда Ұлы Жеңіс күні қалай өтіп жатыр – тілші көзімен

Almaty.tv
Almaty.tv
Елордада әскерилер соғыс жылдарындағы әндерді көшелерде шырқап өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл сайын Жеңіс күніне арналған негізгі мерекелік шаралар бас қаладан басталатын. Салтанатты шерулер, Президент құттықтауы елордада өткізілетін. Нұр-Сұлтанда мейрам күніндегі бүгінгі жағдай қалай? Almaty.tv тілшісі елордада мерекенің қалай тойланып жатқанын айтып бермек.  

Биыл елордада мейрам жылдағыдай арқа-жарқа тойланып жатқан жоқ. Жыл сайын ел Президенті қан құйлы соғысқа қатысқандар мен тылда тынбай тер төккен ардагерлерді алаңда арнайы құттықтайтын. 

Ат төбеліндей ғана қалған майдангерлеріміз де төбе көрсетіп, марқайып отыратын еді. Ел үшін толарсақтан қан кешіп, жанын шүберекке түйіп Отанын қорғаған батырлардың ұрпақтары ерлікке тағзым етуге жиналатын.

Бұл алаңда Қазақстанның барлық Қарулы Күштері сап түзеп өтетін. Әскери техникалар жерде де, көкте де әуелетіп әлеуетін әлеуметке паш ететін еді.

Әрине, пандемияның кесірінен біраз айтулы мейрамдар аталып өтілмей жатыр. Мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін қабылданған шаралар екенін де түсіну керек.

Бүгін алаң тым-тырыс. Полицейлер әдеттегідей тәртіпті сақтау жұмыстарын жүргізуде. Негізгі салтанатты шаралар онлайн форматта өтуде. Орталық көшелерде ешқандай да шара ұйымдастырылмайды. Дегенмен, көбісі әлеуметтік желілерде өздерінің ата-бабаларының суреттерін салып, ерліктерімен мақтанып, есімдерін жаңғыртып жатыр.

Жеңістің 75 жылдығына арналған отшашу да болмайды. Алайда, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Елорда көшелерінде әскерилер көліктермен соғыс жылдарындағы әндерді жанды дауыста шырқап жүріп өтеді. Көшелерде көзі тірі ардагерлердің суреттері билбордтарға ілінген.

Соғыс жылдары сол кездегі Ақмола облысынан 14 мың 723 адам аттанып, олардың жартысына жуығы майдан даласында қаза тапты.

Айта кетейік, бүгінде бас қалада 44 соғыс ардагері бар. Олар Үкімет пен әкімдік, қоғамдық ұйымдар тарапынан әртүрлі көмек алған. Еліміз бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен тыл ардагерлеріне бір реттік материалдық көмек көрсету мақсатында бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінгенін де айта кетейік.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан

Новости партнеров