Алматыда тұңғыш Халықаралық жастардың Орталық-Азия фестивалі ұйымдастырылуда. Екі күнге жалғасатын шараға Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сынды бірқатар мемлекеттен келген 300-ден астам жас қатысады. Олар Шымбұлақ тау-шаңғы шатқалында ауқымды диалог орнатып, түрлі мәселелерді талқылайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жастар фестивалі Алматының мақтанышы, Шымбұлақ шатқалында осыдан 2 сағат бұрын басталды. Таза ауа аясында Орталық Азия елдерінің 18 бен 29 жас аралығындағы жастары жиналып, қызу диалог құрып жатыр. Қатысушылар қазіргі жастарды алаңдатқан мәселерді, жұмыссыздықпен күрес, білім алудағы кедергілерді жою, спорт, көші-қон мәселесі, киберқауіпсіздік және ІТ теxнологиялар туралы талқылауда. Дегенмен, басты мақсат - жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, байланыс орнатуында. Осы орайда біз тілдескен қазақстандық белсенділер фестиваль аясында волонтерлардың жұмысын жетілдіруді ұсынды. Яғни біздің еріктілер мен өзге мемлекеттердің еріктілері үлкен шараларда бірлесіп жұмыс істеуі мүмкін. Мұнда сонымен қатар, әсіресе жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау туралы көп қозғалады. Әр мемлекет өкілдері өздерінің стартап жобаларын ұсынып, оларды жүзеге асыру жайын талқылайды.
Айта кету керек, бұл шара Тұңғыш Президент жариялаған Жастар жылы аясында Елбасы қоры мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Жастарды құттықтауға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келді. Ол өз сөзінде мұндай фестивальдің маңыздылығын айтып, келер жылы да шараны бұдан да ауқымды деңгейде ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізді.
«Алматы – жастар қаласы. Шаһар тұрғындарының 37 пайызы 24 пен 37 аралығындағы жастар екен. Қалада 40 жоғарғы оқу орны бар, елдегі студенттердің үштен бірі осында білім алады. Сондықтан, Алматыда жастар фестивалін өткізу аса қажет», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетсек, шара аясында концерттік бағдарламалар өтіп, жастар өнер мен мәдениет саласынан да тәжірибе алмасады. Ал шара қорытындысында жастар ұсынған ең үздік әлеуметтік және стартап жобалар іріктеліп, жүзеге асуына жағдай жасалады.
Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы