Патент беру туралы мәліметтер ресми бюллетеньде жарияланды
ҚР Әділет министрлігі Адай тұқымдас жылқылардың 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тіркеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Биыл 28 желтоқсанда Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады және селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеді.
Осының негізінде Адай жылқысының жаңа тұқымдарын Қазақстанның селекциялық жетістігі ретінде тіркеу және патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәлендіретін патенттер берді. 2023 жылғы 29 желтоқсанда патенттер беру туралы мәліметтер ресми бюллетеньде жарияланды.
"Еске салайық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапарының қорытындысында үкіметке Адай асыл тұқымды жылқысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу және өсімін молайту бойынша жедел жұмыс істеу туралы тапсырма берілген еді. Адай жылқысының жаңа тұқымдарына патент алу оны одан әрі сақтауға, іріктеуге және Қазақстанның Ұлттық брендін дамытуға ықпал етеді",- деп таратты ҚР Әділет министрлігі.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы қанша киік аулауға рұхсат етіледі