Мемлекеттік рәміздер қалай әзірленіп, бекітілді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ту, Елтаңба, Гимн. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Ұлттық нышандар –халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Президенті Архивінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы әлемге өзін тәуелсіз ел деп жариялағаннан кейін, елдіктің негізгі нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерді бекіту мәселесі алға қойылды. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірген шығармашылық комиссия құрылды. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға байқау жарияланды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Көп талқылаудан кейін 1992 жылы 4 маусымда «Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Биыл  ҚР Мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 30 жыл толып отыр.

Мемлекеттік рәміздерді әзірлеудегі азаматтардың ұсыныстары, кәсіби суретшілердің эскиздері, заңнамалық актілер, арнайы комиссияның шешімдері мен сараптамалық қорытындылары, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің хаттарының барлығы да Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақтаулы. Мысалы 1990 жылы 21 маусымда Қазақ КСР халық депутаты, академик М.Қ. Қозыбаевтың Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа мемлекеттік рәміздерді жетілдіру туралы жолдаған хаты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары жөніндегі комиссияның жанынан жұмыс тобын құру туралы ҚР Мемлекеттік хатшысының өкімі, ҚР мемлекеттік елтаңбасы мен тудың схемалық үлгісі, ҚР мемлекеттік гимні мәтінінің ноталық жазбасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын енгізу және пайдалану жөніндегі комиссияның құрамы бекітілген қаулы, 1992 жылғы 4 маусымда қабылданған Қазақстанның Елтаңбасы, Туы және Гимні туралы заңдары, 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы Конституциялық заңы, және т.б. құжаттар Архив қорында тұр.  

2006 жылы қалың бұқараның талқылауы нәтижесінде Ш. Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтің 1956 жылы жазған «Менің Қазақстаным» әнінің нұсқасы Әнұран ретінде ұсынылды. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» жаңа Конституциялық заң қабылданды. Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Әнұранның сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған, ал Нұрсұлтан Назарбаев өзгертулер енгізді. Әуені халық композиторы атанған Шәмші Қалдаяқовтікі.


Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың борышы. Ол ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізді айғақтайтын құнды белгілер. Ол халқымыздың ерік-жігері мен рухын, ерлігі мен батырлығын, болмысы мен даналығын жеткізеді. Қашанда Туымыз тұғырлы, Әнұранымыз айбатты, Елтаңбамыз еңселі болсын!




Новости партнеров