Алматыға сел қаупі төніп тұрған жоқ

08.10.2019 18:19

Алматы облысында тау басындағы 36 көлдің 17-і қауіп тудырады екен

Таудағы көлдердің суын азайтып жатқан «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері осылай деп мәлімдеді. Бүгінде ең қауіпті деген № 13 көлдің беті қатып қалған. Одан бөлек, тасу қатері бар 17 су қоймасында да аппараттар орнатылып, су деңгейі азайтылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатаудың төбесінде орналасқан 36 мореналық көлді «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері осылай тікұшақпен тұрақты аралап тұрады. Қысы-жазы қар басып жататын шыңдардың басына жиі көтеріліп, бақылап отыру олардың күнделікті жұмысы. Бүгінгі бақылауда мамандардың көлдердің қыс алдындағы жағдайымен танысты.

«Таулы жерде жатқан көлдерді көзбен шолу жұмыстарын жүргізіп өттік. Көлдер қазір қысқы маусымға ауысып жатыр. Деңгейлері төмен. Ешқандай қаупі жоқ», - деді «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы Ержан ҚОСБАҚОВ.

Қалың қардың етегінде жатқан № 13-нші мореналық көлдің суы тасыса, Үлкен Алматы каналы арнасына су симай қалады дейді. Қазіргі таңда көл бетіне су тартқыш аппарат орнатылып, көлемі азайтылып жатыр.  

Алатау бөктерінде орналасқан көлдердің ішінде Алматы тұрғындары мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандарын жиі әбігерге салатын осы №13 көл. Теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте орналасқан. Жалпы мамандардың айтуынша, әзірге бұл көлден келер қауіп жоқ екен.

Тау басындағы 36 көлдің 17-сі қауіп тудырады екен. Бүгінгі шолу барысында олардың біразының тартылып, бетіне мұз қатқанын байқады мамандар. Демек, сел қаупі түгелімен сейілді.