«Қазақстан Барысының» үш дүркін жеңімпазы, балуан, бүгіндері өңірдегі спорт саласының шендісі Бейбіт Ыстыбаев өз сұқбатында Саваннада жираф пен зебра атып жүрген қазақ жайына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы ол Youtube-тегі «Уақыт көрсетеді» бағдарламасындағы сұқбатында мәлім етті.
- Еліме барып, жұмыс істеп жатқаныма, міне 4 жыл болды. Өңір спортын дамыту үшін жең түре кірісіп жатырмыз...Сен парақор, жемқор болсаң, сені ешкім тыңдамайды, сенің артыңнан ешкім ілесіп жүрмейді. Мен кезінде бір кісілерге айтқанмын: «Бұл кісімен жүрсек, арты – түрме» деп. Сол кезде маған біраз кісі сенбеді, бірақ кейін солай болды. Біреуге тәрбие беріп, жөн сілтеу үшін, ең бірінші, өзің түзелуің тиіссің. Мысалы, мен бардым, көрдім, жігіттерге қай жерде қате жіберіп жатқанымызды, оны түзеу керектігімізді айттым. Құдайға шүкір, жағдайды жақсарттық 70-80 пайызға, енді 20 пайызы қалды. Облыс әкіміне рахмет, бізге керекті жерлерден спорт нысандарын салдырып беріп жатыр. Қазір ең керек, чемпион шығады деген жерлерден 25-30 шақты спорт нысандары салынып жатыр. Ал салынған нысандардың қамтылу деңгейі өте жоғары...
- Сіз жаңа: «Мұның баратын жері – түрме» деп айтып қалдыңыз. Бұл арада түрмеге қамалған, Саваннада жираф атып жүрген Манарбекті айтып тұрсыз ба?
- Иә, жалпы сол кісі ғана емес, басқалары да бар ғой...
- Сол жираф атып, «зебраның қазысын айналдырып жеймін» деп елді шулатқан видеодағы Манарбек туған елімді көтеремін деп келгенде текетіресіп, Сізді де сыйдыртпаған көрінеді ғой...
- Текетірес деп айтуға келмес оны. Бірақ келіспеген жерлеріміз болды, мысалы. Бірақ ол менің істеп жатқан жұмысыма ештеңе істей алмайды да, ештеңе істеген де жоқ. Ол өз алдында бөлек адам, жұмысынан кетті ғой. Бірақ менің істеп жатқан нәрсеме оның пайдасы тимесе, зияны тиген жоқ.
- Ол кісі жұмыстан кетіп қана қойған жоқ, қамалды. Бірақ көп отырған жоқ, шығып кетті. Ұзанқұлақтың айтуынша, миллиондап пара беріп, шыққан секілді...
- Шыққаны рас, пара берген-бермегенін білмеймін, қасында тұрғаным жоқ, бірақ айыппұлын төлеп, шыққан
- Содан Саваннаға барып, жираф атты...
- Атты, елдің бәрі көрді ғой. Бірақ ол кісінің бар-жоғы мен үшін маңызды емес. Өйткені бірге жұмыс істеген адамым емес, маған қатысы жоқ адам, қасында жүрген емеспін...
- Сіз қызметке келгенде ол кісі қандай жұмыс істеп жүрді?
- Тараздағы Интернаттың директоры болған. Қазір ол арада Ақжүрек Таңатаров отыр.
- Турасын сұрайын, ол кісіні Сіз қаматқан жоқсыз ба?..
- Жаңа айттым ғой, ол кісінің бар-жоғы мен үшін маңызды емес. Ол не істеп жүр, қайда жүр деп басымды қатырмаймын. Иә, кезінде айтысқан кезіміз болды. Турасын айтқанмын өзіне. Не үшін, қандай әрекеті үшін қамалғанын өзі біледі. Оған менің қатысым жоқтығын да біледі...