|
20.09.2022 | 13:24
6617

Алматыдағы перзетханалардың бірінде үшем дүниеге келді

Қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы барды

Алматыдағы перзетханалардың бірінде үшем дүниеге келді Facebook парақшасынан алынды

Алматыдағы перзетханалардың бірінде Райымбек, Ханкелді, Батыр есімді үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Білім күнінде туған үш батырдың қазір жағдайы жақсы. Бүгін салмақ жинап, ширап қалған шақалақтар үйлеріне қайтты. Қала әкімдігі Нұртаза әулетіндегі қуанышқа ортақтасып, құттықтау үшін арнайы барды. Ал мәз-мәйрам болған отбасы сәбилермен қауышуды асыға күткен.


Бұл – жүректері алып-ұшып, сәбилермен алғашқы кездесуді асыға күтіп тұрған Нұртаза әулеті. Бірден үш перзенттің дүниеге келуі – олар үшін үлкен қуаныш. Үшемдер 20 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болған. Сондықтан туған апасы шақалақтарды көруге асық. Ал әкесі жарық дүние есігін ашқан сәбилеріне Ханкелді, Райымбек және Батыр деген есім беріпті. Осылайша ержүрек, ел билейтін азаматтар болсын деген асыл арманы бар.

«Өте қуанышты сезім болды. Сенбедік. Бірақ келінімнің туысында егіздер бар екен. Менің туысымда да. Қаннан берілген шығар деп ойлаймын. 75-тен асып жасым 80-ге кеп қалдым. Қуанышымды жеткізе алмай тұрмын. Шыны керек. Мына самайымның ағымен, жүрегіммен бәріне қуанышымды бөліскім келеді», – деді үшемнің апасы Кенжебике Сәдуақасова.

«Жолдасымның жүктілігі орташа деңгейде өтті. Енді мына ақ халатты абзал жандарға рақмет. Сол кісілердің еңбегі көп. Ота  қиын болды. Жұмыстан кейін кешке қасында боламыз. Мамамыз бар. 70-тен асқан. Сол кісі көмектеседі. Енеміз бар. Сол кісілер көмектеседі», – деді үшемнің әкесі Дүйсенбек Нұртаза.

Үшем Алматыдағы перинатология орталығында дүние есігін ашты. Бүгін перзентханаға қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы барып, үш батырға жақсы тілектерін айтты. Ол шақалақтарды таситын бесік арба сыйлады. Сондай-ақ үшемнің 7 және 5 жасар аға-әпкесін де құр қол қалдырмады. Ал бір мезетте көпбалалы атанған отбасы дәрігерлерге алғыс айтып, шашу шашты. 32 жастағы келіншек үшемді қолына алғанда өзіне сене алмағанын айтады.

«Не қуанарымды білмей, не жыларымды білмедім. Қуаныш қой. 2 баладан кейін үшеуін көтеріп. 33 аптаға жеттік. Мың да бір алғысымды білдіремін. Өзімді де, балаларды да қарады», – деді  үшемнің анасы Айжан Самат.

Шақалақтар кесір тілігі арқылы дүниеге келді. Жүктіліктің сирек жағдайы болғандықтан, бір сағаттан астам уақытқа созылған отаны білікті дәрігерлер жасады. Қазір ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. Айта кетейік, үшем эко емес, табиғи жолмен туды.

«Балалар бірден реанимация бөліміне барды. Одан кейін бізге патология бөлімшесіне келіп, бүгінге дейін 20 күн бойы ем алды. Балалар толық тексеруден өтті. Салмақтары бірінші баланың – 1990кг , екінші баланікі – 1940 кг, үшінші бала – 2200кг салмақпен туылды. Бүгінгі күнге салмақ қосылды. Физиологиялық жоғалтулар болғанынан кейін 200-300гр жоғалтады. Одан кейін өздерінің салмағын қосып, бүгін шығарып жатырмыз. Жүректерін тексердік, барлық тексеруден өтті. Балалардың денсаулығы жақсы», – деді  «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» нәрестелер патологиясы бөлімінің дәрігер-неонатологы Ақмарал Бекдайырова.

Дегенмен жанұяның қазір тұрмыс жағдайы мәз емес. Пәтер жалдап тұрамыз деген отбасы мәрт жандардан көмек сұрайды. Осы уақытқа дейін аядай бөлмеге 5 жан әрең сыйып жүрген екен. Отбасында тек әкесі ғана жұмыс істейді.

Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир