Апат болған жерде түннен бері тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Онда 1000-ға жуық маман әуе көлігінің барлық бөлігін жіті тексеруде. Оқыс оқиға орын алған жерді Ұлттық Ұлан сарбаздары қазіргі уақытқа дейін қоршап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ұшақ әуежайдан шығып бара жатып апатқа ұшырағандықтан онда авиациялық жанармай бар. Ол әлі төгілген жоқ. Сондықтан бұл аумақ әлі де қауіпті саналады. Бүгін мұнда барлығы 900 астам мамандар жұмыс істеп жатыр. Оның жартысына жуығы – Төтенше жағдай қызметкерлері», - деді Алматы облысы Төтенше жағдайлар қызметі басшысының орынбасары Ерлан АҚАШЕВ.
Қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың көңілін құлазытқаны рас. Алайда, апат болған маңдағы тұрғындар әлі есімізді жия алмай жатырмыз дейді. Соған қарамастан кешеден бері ауыл жұртшылығы дер кезінде қол ұшын созып, сол маңда жүрген мамандарды ыстық тағаммен қамтамасыз етіп жатыр.
Сондай-ақ апаттан қаза тапқандарға қайғырған алматылықтар мен қала қонақтары әуежай маңына кешеден бері гүлшоқтарын қойып, шырақтар жағуда.