Тегін дәрі-дәрмекті EGovMobile қосымшасы арқылы білуге болады

elorda.info
elorda.info
Енді eGov.kz порталында денсаулық сақтау саласында 37 қызмет бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің ғаламтор кеңістігінде жаңа цифрлық құжаттар қолжетімді болды, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Яғни, eGovMobile танымал мобильдік қосымшасы өз қызметін ұлғайтты. Жаңа қызмет  арқылы енді амбулаторияда емделу үшін қандай дәрі-дәрмектер, мамандандырылған медициналық мақсаттағы бұйымдар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы мәліметті білуге болады. Одан бөлек, жаңа сандық құжат – «Жылжымайтын мүліктің электронды техникалық паспорты» да қолжетімді болды.

Тегін дәрі-дәрмектің бар-жоғын білу үшін бірінші кезекте мобильді қосымшаны телефонға жүктеу керек. Одан «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «жеке санаттағы азаматтарға дәрілік заттарды ұсыну» қызметін таңдап, оған тапсырыс берсе болғаны. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясындағылар бұл тапсырыстың бір жұмыс күннің ішінде орындалатынын мәлімдеді.

«Біз қазір азаматтарға дәрі-дәрмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етудеміз. Бұл салада бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қажетті препаратты енгізген кезде оның бар-жоғын біле аласыз. Бар болған жағдайда қай дәріханадан ала алатыныңыз көрсетіледі», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Медициналық қызметтерді алудан бөлек, бұл қосымшада жылжымайтын мүліктің электронды техникалық паспортына да қол жеткізуге болады. Жалпы алғанда цифрландыру саласында Алматы қарқынды дамып келеді дейді сарапшылар.  Бұл жүйені оңтайландыруда қала әкімдігінен арнайы басқарманың ашылуы да бекер емес. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен құрылған Ай-Ти кеңестің құрамына түрлі саланың білікті мамандары тыртылған. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн режимге көшкен.

«Алматы қаласы бұрыннан-ақ, білім базасы ретінде, техникалық кадрлар әлеуеті қалыптасқан қала ретінде таныс. Біздің алдымызда кадрларды дайындау үшін дұрыс платформа құру мақсаты тұр. Қазіргі коронавирус инфекциясына қатысты қиын жағдайды ескере отырып, біз үшін ең бастысы халықтың денсаулығы, қауіпсіздігі», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

«Қаладағы цифрландыру мәселесіне келгенде қиын-қыстау кезеңде кешенді жұмыстардың атқарылғанын атап өту керек. Алматыда, тіпті, Смарт сити бойынша арнайы комитет те құрылды. Онда әкімдік кәсіпкерлік өкілдерін сандық жүйеге тарту бойынша бизнесмендермен тығыз жұмыс істейді. Бұл бағытта стратегиялық құжаттар да жасалып жатыр», – деді IТ саласының сарапшысы  Андрей Беклемешев.                                                      

Биылғы жылдың 1-тоқсанында «Электронды үкімет» порталы мен қызмет берушілердің ақпараттық жүйесі арқылы 3 жарым миллион мемлекеттік қызмет түрі электронды форматта көрсетілген. Телеграм боттар, мобильді қосымшалар тиісті деңгейде жұмыс атқаруда. Бұл іске білікті IТ мамандары жұмылдырылған.

«Алматыда IТ нарығындағы ең ірі деген компаниялар орналасқан. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары мамандар да жеткілікті. Аса танымал ұлттық жүйелерде сұранысқа ие кадрлар жұмыс атқарады. Ақпараттық қызмет көрсету саласында Алматы дамыған деп айта аламыз», – деді Қазақстанның IT менеджерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Асқар Бишығаев.

Ақылды қалалардың дамуы рейтингісі бойынша Алматы қаласы 1-орынға шықты. Қазірдің өзінде әкімдікте мемлекеттік қызмет түрінің 92 пайызы электрондық форматқа ауысқан. Енді сарапшылар бұл қызметтердің сапасына ерекше назар аудару керек дейді. Ол үшін IT мамандарын бір жерге шоғырларндыру мүмкіндіктері қарастырылып жатқан көрінеді.

Сая Меңдеке, Мақсат Күнібеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров