Текелі қаласының тұрғындары ауыз суға ақша төлеуден бас тартты

28.05.2024 18:30

Олардың айтуынша орталықтандырылған құбырдан келетін су кір жууға да жарамайды

Almaty.tv

Жетісу облысы Текелі қаласының тұрғындары ауыз суға ақша төлеуден бас тартты. Олардың айтуынша, құбырдан келетін су ішуге жарамсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Текелі қаласына қарасты Алатау шағынауданының тұрғындары 20 жылдан бері бұлақ суын тасып ішіп келеді. Олар «орталықтандырылған құбырдан келетін су ішпек түгілі, кірді жууға да жарамайды» дейді. Көктем-жаз айларында  лай cу ағады.

Тамара Ларикова да суды барынша үнемдеп пайдаланады. Олар бес литрді екі күнге жеткізбесе, тіршілік нәрінсіз қалады. Ал молынан сатып алуға зейнеткердің қалтасы көтермейді.    

– Бұрын стансада тұрдым, қазір Алатауға көшіп келдім. Таза су жоқ. Бұлаққа баруға шамам келмейді. Ал таза су өте қымбат, 5 литрін 125 теңгеге сатып аламын. Оған қоса, үйдегі лай судың әр текше метріне 70 теңге төлеймін. Неге 2 есе шығын төлеуім керек? – деді  Текелі қаласының тұрғыны Тамара Ларикова.

Текеліде ауыз су мәселесі соңғы 30 жылдан бері айтылып келеді. Өйткені тіршілік нәрі халыққа Қора, Шажа өзендерінен  алынып, тазартылып беріліп келген. Былтыр бірнеше  ұңғыма бұрғыланып, 2 мұнара салынған. Алайда мұнымен таза ауыз су мәселесі шешілмеді. Өйткені жерасты суы осыдан 46 жыл бұрын салынған сүзгі стансасысы арқылы өтеді.

– Су халыққа тазаланып беріледі. Сүзгі стансасы 86 пайыз тозған. Ол бірде-бір рет орташа жөнделмеген. Биыл 25 ақпанда байқау жарияланды, орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі, – деді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев.

Алдағы маусымда сүзгі стансасында жөндеу жұмысы басталады. Алайда шенеунік бұл да мәселені толық шешпейтінін ашық айтты. Өйткені қала аумағындағы су құбырлары әбден тозған.

Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам тасқын суы жиналды